Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚҰРМЕТТЕУ – ОРТАҚ МІНДЕТІМІЗ!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚҰРМЕТТЕУ – ОРТАҚ МІНДЕТІМІЗ!

Бұған дейін (1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап) 22-қыркүйекте атап өтілетін мереке, 2017 жылғы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5-қыркүйекке ауыстырылған. Атаулы датаның өзгеру себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. 1995-жылдың 30-тамызында бүкілхалықтық республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы егеменді мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеде одан әрі дамуына зор мүмкіндіктер берді. Жаңа Конституцияның негізінде және оған сәйкес Қазақстанда жаңа ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, мемлекеттік тіл мен қазақстанда мекендейтін этностық бірлестіктердің ұлттық тілдерін дамыту мақсатында арнайы жаңа заңдар қабылданып, бағдарламалар жұмыс істей бастады.

Ата Заңымыз еліміздегі тілдердің мәртебесін анықтап бергеннен кейін, екі жылдай жан-жақты талқыланып, 1997-жылы шілде айының 11-де «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңы жарыққа шыққаны өздеріңізге мәлім. Бұл Заң Конституциямыздың 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп анық айшықталған қағиданы жүзеге асырған заң болды.
Жаңа заңның талаптары мен қағидалары ескеріліп 1997-жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының алғашқы кезеңдеріндегі негізгі міндеттерінің орындалуында қажетті нақты шараларды қабылдауға мүмкіндік берді.
Жаңа қабылдаған тіл туралы заң еліміздің рухани өмірінің жаңа кезеңін бастады. Тіл туралы Заңының қозғаушы тетігі ретінде 1998-жылы ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» және 1999-жылы «Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ережені бекіту туралы» қаулылары мен бірқатар құжаттар қабылданды.
Осылай тіл мәселесінің құқықтық негізі қалыптасты, ол жүйе күнделікті толықтырылып, бүгінгі күнге дейін жүйелі түрде дамып келеді.
Осы алғашқы кезеңде қоғамдағы тілдік қатынастар аумағында өлшемделген және ұтымды мемлекеттік саясат жүргізілді.
Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз және біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыру әлем тілдерін дамыту тәжірибесіне сәйкес жаңа әлеуметтік мәдени және ғылыми салада оның лексикалық және семантикалық өрісінің кеңейту мүмкіндігін талап етеді. Бұл саладағы негізгі міндет, термин шығармашылығын қоса алғанда, жаңа лексикалық бірліктерді ендіру процесін біріздендіру болып отыр.
Дана халқымыз «Көп көтерсе жүк жеңіл» демекші ынтымақты еңбек арқылы табыстың тайқазанын тасытып мемлекеттік тіл туралы бағдарламаны заман талаптарына сай орындау – біздің ортақ мүддеміз.
«Тілге құрмет – елге құрмет» – демекші алдағы уақытта да мемлекеттік тіліміздің көркейіп, кең етек жаюы үшін және мәртебесі мен мерейін арттыру барысында табанды қызмет етуге дайынбыз.

Қ.ЕРЖАНОВА,
Қарабастау жалпы орта білім беретін
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

 

Пікір жазу