Қазығұрт ауданындағы медициналық ұйымдарды құрал жабдықтармен қамту шаралары бойынша, мамандарды қайта даярлау, дәрі-дәрмекпен қамту, шалғай ауылдарға дәрігерлік амбулатория салу барысындағы жұмыс жоспарымен бөліскен жиын облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы М.Боташеваның қатысумен өтті.
2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазығұрт ауданы сақтандырылмағандар саны 19 429 адамды құрады. Бұл ретте сақтандырылмаған азаматтар санын азайту бойынша динамика шамалы.
МӘМС жүйесі бойынша жұмысшы топпен басқосуда сақтандырылмаған азаматтарды өзектендіру шарасын ұйымдастыру жайы да сөз олды. Жалпы, ауданда сақтандырылмаған халықтың құрамында 3183 жалдамалы жұмыскер, 246 жеке кәсіпкер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қызмет көрсететін 464 адам, 317 БЖТ төлеуші, 300 дербес төлеуші, 14 919 адам соңғы 12 айда ешқашан жарна төлемеген не болмаса МӘМС жүйесіндегі мәртебесі анықталмаған.
Осы адамдардың мәртебесін жұмысшы топ анықтап, жүйеде өзектендіру шарасын ұйымдастыру жайы кеңінен қозғалды.
Жиында медициналық сақтандыру қорының директоры А.Бейсенбаев аудан халқына көрсетіліп жатқан медициналық көмекке қаралған қаржының көлемі жылдан жылға артып жатқаны жөнінде әңгімеледі. 2022 жылы Қазығұрт ауданы халқына медициналық көмек көрсетуге 5 452 393 мың теңге бөлінді, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 2 023 707 мың теңге.
2021 жылы Қазығұрт ауданы тұрғындарына 5 171 732 мың теңгеге Қор есебінен медициналық көмек көрсетілді.
Бұл ретте, МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін Қазығұрт ауданы денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 2 447 905 мың теңге. Яғни, қазіргі уақытта аудан бюджеті 2 еседен астам өсті.
Ағымдағы жылдың 9 айында Қазығұрт ауданы тұрғындарына 51 983 мың теңгеге 5069 компьютерлік томография қызметі, 52 711 мың теңгеге 3887 МРТ қызметі көрсетілді. Өткен жылдың осы кезеңінде 2266 компьютерлік томография қызметі, 1390 МРТ көрсетілді.
Ағымдағы жылдың 9 айында Қор стоматологиялық клиникаларға 437 385 мың теңгеден астам төледі.
Медициналық оңалтудың маңыздылығын атап өту қажет. Жарақаттар мен ауыр аурулардан кейін адам әдеттегігей өмір салтына оралып, жоғалған қабілеттерін қалпына келтіруі керек. Кейде адамдар емдеудің бұл кезеңдерін елемейді, бұл қымбат және қол жетімді емес деп қателеседі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қазығұрт ауданы тұрғындарын оңалту мақсатында 5 792 мың теңге бөлді. Осы ретте, Қор филиалы директоры ауданда оңалту шарасымен айналысатын мекеме саның арттыруды алға тартты.
Сонымен қатар, медицина саласының өкілдері тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, нақты жауап берді.