Сайрам ауданының орталығында «CaPable Group мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі балаларға арналған жөргектер өндіреді. Бүгінгі таңда қазақстандық бренді бар өнімдер оңтүстіктен басқа да өңірлерге саудаға шығарылуда, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жергілікті азамат Сүйін Бейімбет Жұмабекұлы Түркия елінің кәсіпкерлерімен бірлесіп, өткен жылы ауданда осы инновациялық жобаны алғаш рет іске қосқан болатын. Жобаның құны 3 млрд. теңгені құраған.
Кәсіпорында 2-ден 6-ға дейінгі өлшемдегі жөргек күніне 180 мың дана өндіріледі. «Симбо бейби» және «Алтын бала» атты жөргектері шикізаттың оннан астам түрінен дайындалады. Түркия мен Америкадан сатып алынған құрал-жабдықтары шикізаттар мен жөргектерді өңдейді. Отандық өнімдер тұтынушылар үшін тиімді бағада ұсынылғандықтан, оған сұраныстар көбейіп жатыр.
Кәсіпкер 40-тан астам адамды жұмыспен қамтыған. Олардың арасында бірнеше мүгедектігі бар азаматтар кездеседі. негізгі жұмыс сағаты 8 сағат, ал мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығына байланысты жұмыс сағаты да ыңғайлап есептелген.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның жұмысы қарқынды жүргізілуде.
Кәсіпкер алдағы уақытта ересектерге де арналған жөргек шығаруды қолға алуды жоспарлап отыр.