Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » БҰҰДБ Түркістанда жастар хакатондары топтамасының екінші кезеңін өткізді

БҰҰДБ Түркістанда жастар хакатондары топтамасының екінші кезеңін өткізді

Түркістан, 2022 жылғы 10 қараша – Бүгін Түркістан қаласында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) өткізетін  SKILLS UP өңірлік жастар хакатондары топтамасының кезекті кезеңі өтті.  Хакатондардың мақсаты – ХХІ ғасырдың дағдылары мен құзыреттері туралы хабардарлықты арттыру, жастарды STEM (жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия және математика) мамандықтарына тарту, цифрлық және кәсіпкерлік дағдыларды дамыту, сондай-ақ өмірдің оң сценарийлерін іске асыруға ынталандыруды арттыру.

 

Жаһандық білім индексіне сәйкес, бүгінде Қазақстан 154 елдің ішінде 78-ші орында тұр. Елде біліммен қамтудың деңгейі жоғары болса да, ҒЗТКЖ мен инновациялар бойынша көрсеткіштер төмен (154-тен 124-ші орын). Қазақстанда салалар мен компаниялардың дағдыларға деген қажеттіліктері мен жастардың қандай білімді игеретіні арасындағы алшақтық айқын көрінеді. Үнемі өзгеріп отырған әлемде еңбек нарығын қазіргі сын-тегеуріндердің инновациялық және технологиялық шешімдерін ұсына алатын мамандармен қамтамасыз ету міндеті Қазақстан үшін өзекті болып табылады.

«Бүгінгі таңда білімге негізделген өсу адам дамуының негізі, жаңалықтар мен инновациялардың қозғаушы күші болып табылады. Міне, сондықтан ұлттық әріптестерімен бірге БҰҰДБ басты дағдыларды, технологиялық беталыстарды, инновацияларды, сондай-ақ білімге негізделген экономиканы құру үшін білім беру қызметтерін ұсынудың жаңа тәсілдерін талқылау үшін Білім апталығы платформасын құрып отыр», – деп атап көрсетті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.

 

SKILLS UP жастар хакатоны ағымдағы жылдың желтоқсан айында БҰҰДБ қолдауымен өтетін 2022 Ұлттық білім апталығының негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. Бірінші өңірлік хакатон Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы Ш.Елсенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде өтті. Екінші хакатон Түркістан қ. Оқушылар сарайында өтті, ал келесі екеуі  Қарағанды (14 қараша) және Шығыс Қазақстан облыстарында (16 қараша) өтеді. Әрбір хакатонда үш жеңімпаз топ анықталады. Іріктелген 12 топ Алматы қаласында өтетін шешуші сайыс кезінде бас жүлде – стартапты іске асыруға арналған грант үшін күресу мүмкіндігіне ие болады.

 

Өңірлік хакатондар қарсаңында тіркелген 500-ден астам қатысушы онлайн қарқынды білім беру апталығына қатысты. Олар үшін идеялар мен гипотезаларды тексеруден бастап бизнес-модельдер мен прототиптер жасауға дейін нөлден бастап стартап құру бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, интенсив кезінде монетизация стратегияларын құру, no-code әзірлеу және Arduino-да прототиптеу бойынша сабақтар өткізілді.

***

Қосымша ақпарат алу үшін undp.kz.media@undp.org электрондық поштасы арқылы немесе +7 705 700 9793 телефон нөмірі арқылы Қазақстандағы БҰҰДБ Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімімен хабарласуларыңызды өтінеміз.

 

***

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) кедейліктен туындаған әділетсіздікпен, теңсіздікпен және климаттың өзгеруімен күресетін БҰҰ-ның жетекші ұйымы болып табылады. 170 елдегі сарапшылар мен әріптестеріміздің кең торабымен жұмыс істей отырып, біз адамдар мен ғаламшар үшін кешенді, ұзақ мерзімді шешімдерді әзірлеуге көмектесеміз. Біз туралы толығырақ undp.org сайтынан біліңіз немесе @UNDP-ге қосылыңыз.

 

© Didarbek.kz

Пікір жазу