Қазіргі заманғы сын-қатерлер прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейтуді және жоғары қадағалау органын жаңғыртуды, прокурорлар қызметінің кепілдіктерін нығайтуды талап етеді.
Бұл тұрғыда «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңына Мемлекет басшысымен жария түрінде қол қойылып, 2022 жылдың 17 қарашасынан қолданысқа енгізілді.
Заңның негізгі мақсаты – прокуратураның құқық қорғау қызметін жүйелі түрде күшейту, елдегі жоғары қадағалау мен заңдылық құралдарын нығайту.
Конституциялық заңның 1-бабына сәйкес прокуратура Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Прокуратура заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында мынадай міндеттерді жүзеге асырады:
— адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді;
— заңдылықтың бұзылуын, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтауды және жоюды;
— құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді;
— Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттерді.
Сондай-ақ, құқық қорғау әлеуетін күшейтуге прокуратура органдарының қарауына жататын өтініштер санаттарының тізбесін нақтылау, заңдылықтың сақталуы бойынша тексерулерді тағайындау тәртібін реттеуге ықпал ететін болады.
Енді Бас Прокурор Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 4-тармағына сәйкес Конституциялық Сотқа халықаралық шарт ратификацияланғанға дейін оның Конституцияға сәйкестігін қарау, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігіне ресми түсіндірме беру үшін және Жоғарғы Сотқа сот практикасы мәселелері жөнінде соттарға түсіндірме беру туралы ұсыныспен жүгінуге құқылы.
Заң аясында Бас Прокуратура өз құзыретіндегі мәселелер бойынша мемлекеттің мүдделерін шетелдік және халықаралық соттарда білдіреді.
Сонымен қатар прокурорлық қадағалау және ден қою актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті.
Прокуратура актілерін қарамау немесе орындамау заңда көзделген жауаптылыққа алып келеді.
Жалпы Конституциялық Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнес, қоғам және мемлекет мүдделерін тиімді сақтауға ықпал ететін болады.
Сайрам ауданының прокуроры Д.Б.Тлемисов