Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Сайрамда «Мұхтар әлемі» атты аудандық көркемсөз оқу байқауы өтті

Сайрамда «Мұхтар әлемі» атты аудандық көркемсөз оқу байқауы өтті

Қазақ әдебиетін әлемге танытқан ұлы ғалым, жазушы, көркем ойдың алыбы, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 125 жыл. Ұлының ұлылығын дәріптеп, еліне еңбегі сіңген жазушының мерейтойына орай, бүгін Сайрам аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Мұхтар әлемі» атты аудандық көркемсөз оқу байқауы өтті.
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін нәрсе – білім, ал сол білім кітапта», деп М.Әуезов айтқандай, өскелең ұрпақтың білім мен ізденіс, шығармашылық пен кітап оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында өткен бұл байқауға ауданымызға қарасты — М.Оразалиев, Сиқым, Қарабұлақ, Қожақорған, Құтарыс, Қарамұрт, Құрлық, Манкент, Ханқорған ауыл кітапханаларының оқырмандарынан 12-16 жас аралығындағы 13 үміткер қатысты. Қатысушылар байқау шарты бойынша екі кезеңде М.Әуезовтің прозалық және драмалық шығармаларынан үзінділерді оқудан сынға түсті.
Көрермендерге М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын бейнефильм көрсетілді.
Сайрам АОКЖ КММ-ның директоры Д.Н.Сыдықова алғы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың дәстүрлі үрдісі бойынша әділдігін айтып, тура шешімін шығарған Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің әдіскері – Г.Тукенова, аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы – Ш.Сағынтаева, Е.Сарманов атындағы Гуманитарлық агроэкономикалық колледжі тарих пәнінің оқытушысы – М.Түймебек қазылар алқасына төрағалық етті. Қазылар алқасының бағалауының нәтижесінде І орын – И.Базарова, ІІ орын – Н.Сейітжан, ІІІ орын – Ш.Бурханова жеңіп алса, сондай- ақ номинациялар бойынша «Үздік оқырман» — Ұ.Гаукарбек, «Шығармашыл оқырман» — Ж.Дауытбек, «Тапқыр оқырман» — Л.Оралбек алып, басқа қатысушылар Алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болды.

Пікір жазу