«Ауыл – ел тірегі» онкүндік жобасы аясында Сайрам ауданынның Қайнарбұлақ ауыл округіне қарасты Таскешу, Құрлық, Қасымбек датқа ауылдық кітапханаларының ұйымдастыруымен, ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, журналист-аудармашы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай, «Қазақ сөз өнерінің наркескені» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Алғы сөзді Қайнарбұлақ ауыл округінің әкімі Есбол Дүйсебаев пен әкім орынбасары Мұхтар Аязов ашып, құттықтау тілектерін жеткізді.
Кеш қонақтары Қасымбек датқа ауыл кітапханасына саяхат жасап, кітапханашы Айсұлу Төрегелді «Әдебиет көгіндегі жарық жұлдыз» тақырыбындағы кітап көрмесімен таныстырып, Таскешу ауыл кітапханасының кітапханашысы Айгүл Абдраманова кешті жүргізіп, «Ауылым» әнін орындап, Құрлық ауыл кітапханасының кітапханашысы Ләйлә Қожамбердиева «Парасатқа тағзым» атты бейнекөрсетілімін көпшілік назарына ұсынды. Кітапхана оқырмандары жырдан шашу шашып, би билеп, күй тартып, Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан «Тұтқын бала» үзіндісінен қойылым көрсетіп, «Жаса Қазақстан», «Өз елім» әндерін шырқады.
Сайрам АОКЖ КММ директор орынбасары Шахсанам Чинкарова кеш қонақтарын құттықтап, іс-шараға қатысқан оқырмандар мен жетекшілерін Алғыс хатпен марапаттады.
Қалың оқырманның сүйікті жазушысына айналған, ел үшін елеулі еңбек еткен,бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат,нар тұлғалы қаламгер Шерхан Мұртазаның өзіндік қолтаңбасы мен мол мұрасы ,өрісті өнегесі ұлт руханиятының жадында мәңгі сақталмақ.