Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түркістан » ТҮРКІСТАНДА «ТІЛ ҒҰМЫРЫ – ҰЛТ ҒҰМЫРЫ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА «ТІЛ ҒҰМЫРЫ – ҰЛТ ҒҰМЫРЫ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Рухани шаһар Түркістан қаласында «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты мерекелік іс- шара өтті. Бұл шара Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды.

Аты аталған шара ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Сондай-ақ, «Фараб» облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасты. Онда зиялы қауым өкілдері мен Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, құрметті қонақтар арнайы жасақталған көрмені тамашалады.  Аталмыш көрме өңірде қызмет атқаратын 11 этномәдени бірлестіктерінің тілі, мәдениеті, салт-дәстүріне байланысты ұйымдастырылған.

Салтанатты жиынды Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен еліміздегі жүзеге асырылып жатқан тіл саясатына, өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Биыл тілдерді оқыту орталықтарында 3 мыңнан аса талапкер мемлекеттік тілді оқуда. Оның 500-ден астамы — өзге этнос өкілдері. Бүгінде этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде тыңдаушылар өз ана тілдері мен төл мәдениетін үйренуде. Олай болса, Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру – біздің міндетіміз. Ал, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуге ынталы азаматтар үшін облыс аумағында тілдерді тегін оқытатын 17 орталық жұмыс жүргізуде, – деді Әзімхан Серікұлы.

Сонымен қатар, басқарма басшысы облыстағы тіл жанашырлары мен осы салада еңбегі елеулі азаматтарға Тіл комитетінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын, облыстық мәдениет басқармасының алғыс хатын тапсырды.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында оның еңбектерін дәріптеу, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиын мерекелік концертке ұласты. Облыстағы өнер жұлдыздарымен қатар, түрлі этнос өкілдері өнер көрсетіп, қазақ тілінде өлең оқып, ән шырқады.

Еске сала кетейік, бұл мереке Алаш арысы, қазақ әліпбиінің негізін салушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты жыл сайын аталып өтіледі.

Пікір жазу