«Жиырма жыл күткен алтынды жиырма жастағы жігіт алып берді». Бұл сөз 2000 жылы Сидней Олимпиадасында топ жарған Бекзат Саттархановқа арналған. Комментатордың осы сөзі көп жанкүйердің көңілілінде жатталып қалғаны анық.
2000 жылы бокстан Сидней Олимпиадасының ақтық сынына төрт қазақ жігіті шықты. Гүрзі жұдырықтар гүрсілінен жер шайқалғандай сұрапыл айқаста екеуі жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді.
Алып мұхит әлдилеген Аустралия жерінде өткен әлемдік дода қазақ бокс тарихын дүниежүзілік жылнамаға алтын әріптермен жазғызды. Көкөрім Бекзаттың жеңісі тарихи оқиға болды. Күтпеген сый десеңіз де болады.
Бекзат жайлы естеліктер естуге боксты сүйетін, Бекзаттың жарқын бейнесін көзі тірісінде теледидардан болса да бір рет көзі шалып қалған әрбір жанкүйер ынтық.
Осы орайда, Түркістанның тумасы Бекзаттай ұлын туған қаласы ешқашан ұмытпақ емес. жыл сайын батырдың туған күнінде бокстан түрлі салмақ дәрежесінде турнирлер өтсе, қалалық кітапханалар жүйесінің мұрындық болуымен тақырыптық кештер, кітап көрмелері сынды түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.
Сондай шаралардың бірі, «Түркістан қалалық №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұлт рухының жарқылы» атты іс-шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты — Түркістан қаласы мен Отырар ауданының «Құрметті азаматы», қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш олимпиада жеңімпазы, Қазақстан республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, 1 дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері Бекзат Саттархановқа еске алу.
Бокстан өткен жарысқа 12-13 жас аралығындағы жасөспірімдер түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынасты.
Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған Бокстан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы ХІІ Республикалық турнирдің жабылуы салтанатында жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және сый-сияпаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, жиын соңында қонақтар Түркістан қалалық орталық кітапхананың дайындаған «Есіміздесің Ер Бекзат» атты кітап көрмесімен танысты.
Одан бөлек, №2 кітапхана-филиалы «Бекзат-сөнбес жұлдыз» атты танымдық кеш, №8 кітапхана-филиалы бастамасымен «Жасындай жарқ еткен ғұмыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартты.
Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт. Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін.
Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.
Бүгінде Түркістан қаласындағы мөлтекауданға Бекзаттың аты берілді. Саттархановтың атындағы спорт мектебі де бар. Жыл сайын Сидней батырын еске алу мақсатында бокстан халықаралық турнир де өтеді. Мұның бәрі Бекзатты ортамызға қайта әкелмесі хақ.
Бекзаттың өмірден өткеніне қанша жыл толса да, Сидней көгінде жағылған жұлдыз жарқырай бермек.