Теміртауда лаңкестік топ құрып, қала тұрғындарын соғыс жүріп жатқан әскери нүктелерге аттандыруға жаппай үгіттеген алты адамға халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. «Іздеу салынған барлық алты адам — қылмыскерлер. Олар лаңкестік бағыттағы қылмыстарға қатысы бар тұлғалар ретінде ішкі істер органдарында есепте тұр», — деп хабарлады Теміртау ІІБ полициясының шығыс бөлімі. Полиция алты ізделуші жайлы ақпарат бергендерге сыйақы тағайындап, құпияны сақтауға уәде беріп отыр. Күдіктілер 23 пен 33 жас аралығындағы ер адамдар.
Тергеу нұсқасы бойынша, 1993 жылы туған Әміржанов Дәулетхан Мұратдинұлы және 1994 жылы туған Коструб Дмитрий Игоревич лаңкестік топ құрып, жетекшілік еткен. Олар ҚР ҚК 257-бабы — «Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу» бойынша айыпталып отыр.
Қалған төртеуі халықты үгіттеумен айналысқан — Теміртаудағы жас жігіттермен сөйлесіп, лаңкестік топтардың содырлар қатарына қосылуға, соғыс жүріп жатқан елдерге кетуге шақырған. Төрт күдікті — 1993 жылы туған Абауов Ұлағат Аманұлына, 1989 жылы туған Арчаков Магомед Магомедұлына және 1984 жылы туған Рахметов Дидар Миржанұлы мен 1992 жылы туған Рахметов Диас Миржанұлына ҚР ҚК 259-бабы — «Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру» бойынша қылмыс жасады деген айып тағылды.
(http://www.inform.kz/kz/temirtau-policiyasy-halykty-lankestikke-shakyrgan-alty-adamga-izdeu-zhariyalady_a3015396)