Әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгіннің биігінен қарағанның өзінде елімізде кітапхана ісінің кең қанат жайып келе жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ең бастысы, қалың көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы арта түскені байқалады.
Қазірде жастар кітапханаға бармайды дейтін пікірлер жиі айтылып жатады. Керісінше, бүгінде жас та, жасамыс та, бала да, қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Тіпті оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді. Кітапханада таңертеңнен қара кешке дейін отыратын оқырмандар аз емес.
Осы орайда, Түркістан қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты мекемелерде жас оқырмандармен және үлкен жастағы оқырмандар да кітапханалар ғимаратында өткен түрлі іс-шараларға қатысып, белсенділік танытуда. Кітапханалардың жылдық бекітілген жоспарына сәйкес, жыл бойы түрлі тақырыптарды қамти отырып, іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Соның бірі — «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» тақырыбы аясында өткен іс-шаралар топтамасы.
Атап айтқанда:
Түркістан қалалық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне орай Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебінің 1-4 сынып оқушыларының қатысуымен «Бір шаңырақ астында…» атты өнеге сағаты болып өтті. Іс шара барысында Мұсахмет Балауса «Отан ана», Ақсейіт Айым «Үш бақытым» Казначеева Екатерина, Шевшенко Денис, Кенбай Гүлшара, Шухратов Жасур, Гатаудинова Амеля «Родина моя Казахстан», «Родина» өлеңдерін нақышына келтіріп орындады. Дәулетбек Еркеназ «Ана» туралы ән шырқады. «Танец мира» тобы «Кап-кап» биін биледі. Іс шара соңында оқырмандарға алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар, №11 кітапхана-филиалы «Шынайы жүректегі алғыс» атты кездесу кеші, балалар кітапханасы «Бір шаңырақ астында…» атты өнеге сағаты, №9 кітапхана-филиалы «Тілі басқа – тілегі бір» атты достық сағаты болып өтті. Іс шараға өзге ұлт өкілдері қатысып, қазақ тілін жетік меңгергендіктерін көрсетті. Іс шара барысында оқушылар өлең оқып, ана тілі туралы ән айтып, тіл туралы мағлұматтармен бөлісті. Қазақстан туралы бейнеролик ұсынылды.
Одан бөлек, Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Алғыс айту –Ұлылық іс!» атты алғыс айту сағаты болып өтті. Кеш қонақтары мәдениет қайраткері Түркістан қаласының азаматы, «Әйелдер» алқасының төрайымы Ұлжан Әбенқызы, ақын, сазгер, әнші Қаламқас Өтеуова, «Шұғыла таң» қайырымдылық қорының төрайымы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Дана Орманова, «Әйелдер» алқасының мүшелері Гүлсара Асылханова, Тамара Байымбетова, зейнеткер кітапханашы Тойлақова Раушан қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Іс –шара барысында оқырмандар жыр шумақтарын оқып, әсем әннен шашу шашты. Кең көлемде «Алғыс айту – бірлік пен достық мерекесі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы халықтарының бірлігі күніне орай «Ұлттар татулығы ынтымақ бастауы» атты кітап көрмесі орталық кітапханада ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты оқырмандарды ынтымақтыққа, достыққа, өз Отанын сүюге, қорғауға тәрбиелеу. Біздің елімізде тұрып жатқан басқа да халықтардың озық мәдениетін, өзіндік үлгі-өнегесін оқырмандардың бойына сіңіру.
Қалалық орталық кітапхананың «Білім» орталығында «Қайнар бұлақ» әдеби отауының ұйымдастыруымен «Күлкі керуені» атты тақырыпта жастар арасында сатира сағаты болып өтті.
Мақсаты адам бойындағы құнды қасиеттер туралы түсініктер беру, күлкі және жымиюдың адам өміріндегі қажеттілік екенін түсіндіру, жастарды сүйіспеншілікке, татулыққа тәрбиелеу. Іс — шарада орталық кітапхананың кітапханашысы Саурбаева Аққаным күлкінің төресі -кез келген күйзелісті, жүйкедегі жүкті жеңіп шығатын шынайы күлкі. «Күл! Күлсең, әлем сенімен бірге күлетін болады. Ал жыласаң, сенімен бірге ешкім де жыламайды» деген Элла Уилер Уилкокстың сөздерін тілге тиек ете келе , үнемі жылы жымиып, көңілді жүруге тырысайық — деп сөзін түйіндеді. Ақпараттық-библиографиялық бөлімінің қызметкері Жұманова Жазира оқырмандарға «Сатира саңлақтары» атты кітап көрмесіне шолу жасап өтті.
Биылғы жылды ел Президенті «Балалар жылы» етіп жариялағаны белгілі. Осы орайда, «Жеңіс» саябағында Түркістан қалалық орталық кітапханасы және балалар кітапханасының бірлесе отырып ұйымдастыруымен «2022 – Балалар жылы» аясында» атты тақырыпта мерекелік кеш болып өтті. Кешті Мәдениет және тілдерді дамыту орталығының басшысы Сәкен Әбжаппарұлы өзінің балаларға деген ізгі тілегімен ашып берді. Кеш барысында «Лашын» балабақшасының бүлдіршіндері ән айтып, би билеп, мәнерлеп жыр шумақтар оқыды. Балаларға жұмбақтар жасырылып жылдам әрі бірінші тапқан балаларға сыйлықтар берілді. Ал кітапханашылар балаларға «Қарға мен шегіртке» ертегісін қойып, көрермендердің, балалардың көңілін көтерді. Балаларды қорғау күніне арнайы ұйымдастырылған мерекелік шара өте әсерлі, көтеріңкі көңіл күйде өтті. Мерекелік шараны тамашалаған көрермендер ұйымдастырушыларға ерекше алғыстарын білдірді.
Түркістан қалалық орталық кітапханалар жүйесіне қарасты №9 кітапхана филиалының ұйымдастыруымен 2022 жылы «Балалар жылы» болып жариялануына орай, «Ертегілер еліне саяхат» атты сыр сандық болып өтті. Мақсаты: Ертегі кейіпкерлері туралы білімдерін кеңейту, кітап оқуға шақыру, қайта жаңғыртып еске түсіру арқылы қиялдай білуге үйрету, ертегілер арқылы балаларды адамгершілікке, мейірімділікке және адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, қиялдау, шығармашылық қабілетін дамыту. Іс шара барысында балаларға сыр сандықтың ішіне ертегі кейіпкерлері туралы сұрақтар жасырылып, жауап берген балаларға сиқырлы кітап ішінен тәттілер, кітаптар таратылды. Келген оқырман балалар мәз болып көп ертегі кітаптар оқып тұруға уәде берді.
Түркістан қалалық орталық кітапхана мен көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханамен бірлесе отырып, Ұлттық домбыра күніне орай «Мың бір домбыра үні» атты тақырыпта домбыра пати болып өтті. Мақсаты жастарға қазақ халқының негізі музыкалық аспабы домбыра туралы кеңінен түсінік беру, ұлттық өнерді қастерлеуге өнер адамдарына сүйіспеншілігін арттыру және ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Іс –шараға көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың кітапханашысы Ибрагимов Ержан, «Ынтымақ үйінің» қызметкерлері мен кітапханашылар қатысып, орталық кітапхананың кітапханашысы Мамирова Марияш домбыраның шығу тарихына қысқаша тоқталып өтсе, кітапхананың тұрақты оқырмандары, Халықаралық қазақ –түрік университетінің филология факультетінің 4 курс суденті Жанбау Марғұлан мен Дариға Бақберген қазақтың халық әндерінен поппури орындап берді. Сонымен қатар №5 кітапхана-филиалы «Домбыра-қазақтың рухы» атты әдеби сазды кешін өткізді.
Түркістан қалалық орталық кітапхана мен көзі көрмейтін және әлсіз көретін жандарға арналған арнайы кітапханамен бірлесе отырып, «Ата Заң -мәңгілік елдің берік тұғыры» атты тақырыпта танымдық сағат зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар арасында болып өтті. Мақсаты жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оята отырып, елжандылыққа тәрбиелеу, патриоттық сезімін ояту.
Танымдық сағатқа Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары, «Бітімгер» медиаторлардың басшысы Бейсембаев Бақытжан Жармаханұлы, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Мәрсәлі Кеңес, Қуанышбай Өтепберген, көзі көрмейтін және әлсіз көретін жандарға арналған арнайы кітапхананың кітапханашысы Ибрагимов Ержан, Нәзір Төреқұлов атындағы музейінің экскурция жүргізушісі Ташимов Бағлан қатысып, Ата Заңымыздың өзгертулері мен толықтыруларына кеңінен тоқталып, айтып өтсе, «Тілдерді оқыту орталығының» маманы Жұмабай Айгерім «Ата Заңым — әділетті ардағым» атты өз арнауын оқып берді.
Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар «Айбары асқақ — Ата Заң» атты кітап көрмесімен танысты.