Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түркістан » Түркістанда «Бейсенбілік әңгіме» атты жоба жүруде

Түркістанда «Бейсенбілік әңгіме» атты жоба жүруде

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Бүгінде қаланың заманауи келбеті түрленіп, күннен-күнге дамуда. Бұл шаһар өзінің ұлы тұлғаларының салған сара жолымен және қалдырған таңбасымен даралануда.

Қазақ бұрыннан асылын ардақтап, жаманын жасырып, ұрпағына тәрбие дарытып келе жатқан халық. Ал, осы үлгі өнегенің бір белгісі ұлы тұлғаларымызды тану мен олардан тағылым-тәрбие алу болып саналады. Осы орайда Түркістан қалалық №28 мектеп-лицейінде «Бейсенбілік әңгіме» атты жоба жүруде. Аты айтып тұрғандай бұл жоба әр аптаның бейсенбі күндері осы өңірдің ұлы тұлғаларымен сұхбат жасайды

Осы орайда, «Отбасы күніне» орай, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбековамен кездесу өтті.

Аталған шараға мектеп оқушылары және ұстаздары қатысып, Бекзат Саттарханов жөнінде анасы көптеген естеліктер айтып, тағылымды әңгіме мен танымды мәселелердің куәсі болады. Тағы да атап айтатынымыз бұл жобаға тек қана танымал жандар емес, тасадағы таланттар, есімін ел біле білмейтін ел азаматтары да шақырылып, өз өмірінің үлгі-өнегелерін мектеп оқушылары мен ұстаздарына көрсетіп береді. Жобаның басты мақсаты да, міндеті де міне осы.

Айта кетейік, «Бейсенбілік әңгіме» жобасының алғашқы ашылуына қазақтың белгілі сатиригі Көпен Әмірбекұлы қатысып, сәт сапар тілеп, тұсауын кескен болатын. Оқушыларға қызықты әңгімелер айтылып, соңында бата беріп, оқушылардың болашақтарына ақ жол тілеген еді. Содан бері бұл тағылымды жоба көптеген қонақтармен кездесу өткізді. Солардың ішінде Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл апайымызбен және филология ғылымдарының кандидаты, доцент, зейнеткер Жанымкүл Камалқызымен өткен керемет сұхбат оқушылар мен оқытушылардың есінде қалды. Аталған кездесудегі әсерлі әңгімелерден оқушылар көздеріне жас алып, кеш қонақтарына өздерінің жүрекжарды тілектері мен алғыстарын айтқан болатын.

Айтып отырған «Бейсенбілік» әңгіме жобамыздың басты мақсаты осындай. Осы жобаны жолға қойып, қос қолдап қолдау білдіріп, әр кездесуге өз көмегін беріп отырған мектеп директоры Нысанқұлова Ләззат Жаналықызының да еңбегін атап айтуға болады. Әрі осы жобаға бел шеше араласып, әр кездесуді өз деңгейінде өткізуге мектептің қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің де еңбегі орасан зор. Мектеп кітапханасында өтетін бұл жобаға мектептің әр мүшесінің өзінің тигізген үлесі бар деп ойлаймыз.

Шара аясында әрбір талқы, сыр-сұхбат, шешімін тапқан мәселелер мен тағылымды әңгімелер ұрпақ санасына аз да болса әсер етсе, қатысқан оқушы сол шарадан өзіне жақсы ой қабылдап, өнеге тұтса бұл «Бейсенбілік әңгіме» жобасының жеткен жетістігі болып есептелмек.

Түркістан қаласындағы барлық оқу орындары мен мектептер осындай жобаларды қолға алса, оқушылар мен ұлы тұлғалар арасында, қоғам арасында байланыс орнайды, әрі ол болашақ ұрпақтың ертеңгі өмір жолына өз септігін тигізеді деп сенеміз.

А.ӘМӘЛИЯТҰЛЫ.

 

Пікір жазу