Облыс орталығы Шымкент қаласында ағымдағы жылдың 14-16 қарашасы аралығында «Ontustik Tourism. Invest 2017» атты халықаралық туристік, инвестициялық форум өтеді. Басқосу «Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы бойынша саяхат» фестивалі шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт мәлім етті.
Басқарма басшысының айтуынша, аталған фестиваль Алматы қаласында бастау алып, Жамбыл облысында жалғасын тауып отыр. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында аяқталатын болады. Форумның негізгі мақсаты – өңіріміздегі туристік саланың дамуындағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасу, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау.
«Шара аясында туристік аймақтарымызды паш ететін фотокөрме ұйымдастырылады. Форумға ҚХР Туризм бойынша вице-министрі, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі, Туризм индустриясы комитетінің төрайымы, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының төрағасы, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сонымент қатар, алыс және жақын шет мемлекеттердің туризм саласының кәсіби мамандары, туристік ұйымдар, инвестициялық компания өкілдері, жалпы 300-ге жуық адам қатысатын болады», – деді Батырхан Құрмансейіт.
Айта кететіні, форумға қытай елінің туристік ұйымдары аса қызығушылық танытып отыр. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысына биылғы жылдың 6 айдың қорытындысы бойынша 128 мың турист келген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 55 пайызға артып отыр.
Басқосу нәтижесінде шет елдік компаниялармен бірқатар меморандумдарға қол қойылатын болады. Жалпы форум өңірдің туристік және инвестициялық имиджін қалыптастыруға оң әсерін тигізбек.
Өз тілшімізден