«Отбасы күні» мерекесіне орай бүгін Түркістан қаласында ақ жаулықты аналардың қатысуымен алқалы жиын өтті, деп хабарлайды «didarbek.kz» ақпаратық агенттігі.
Қазіргі уақытта қоғамдағы ана мен әйелдің рөлі өте жоғары. Қоғамдағы бірлік, адамдар арасындағы сыйластық, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыруда аналардың ақыл-кеңесіне жүгіну абзал іс. Әйелдер біздің қоғамның дамуына баға жетпес үлес қосады. Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық Аналар кеңесі мен оның өңірлік бөлімшелері “Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт” жобасын іске асыруда. Оның мақсаты-отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтау және өскелең ұрпақты тәрбиелеу.
Түркістан Оқушылар Сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінде кезекті отырысында келешек ұрпақ тәрбиесі туралы орамды ойлар айтылды.
Кездесуге арнайы келген Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы Шанаи айтары бар аналармен емен-жарқын сұхбат жүргізді.
Жиынға Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облыстық ҚХА мен этномәдени бірлестіктер жанындағы Аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Мадина Камеденова, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысқан отырыста еркін пікір алмасу болды.
Іс-шарада мемлекеттік этносаясатты іске асыруда, бірлік пен ынтымақты насихаттауда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеямен бірлесе атқарып жатқан жұмыстары, «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Басқосу сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Шанаи ұрпақ тәрбиесіне байланысты ұтымды ұсыныстар айтты. Отбасындағы зрлық-зомбылықтың алдын алу, мектептердегі әлімжеттік, есірткі қолдану, ерте жүктіліктің алдын алуға байланысты мектеп оқушыларымен және жас отбасылармен, көп балалы аналармен ұдайы байланыста жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
Рухани қала Түркістанда рухты әңгіме болды. Ұға білген ұрпаққа Аналар кеңесінің бүгінгі отырысында қаралған мәселе, қызу пікірлесу ақылдың көмбесі іспетті. Келешек ұрпақтын болашағы жайы келелі ой, ғибратты сөз айтқан Аналарымыз амандық тілейміз.
Айта кетейік, 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын.
Отасы күні еліміздің түкпір-түкпірінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан үлгілі отбасыларға сый-құрмет көрсетіледі. 2014 жылдан бері Елбасы ұсынысымен аталмыш мерекеге орай «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді.