Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Сауран» секторының тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді.
«Сауран» тұрғын алабындағы жыл басынан бері өткен екі кездесу барысында тұрғындар тарапынан 88 мәселе көтерілген болатын. Олардың 82-сі бүгінде толық шешімін тапты, 3 мәселе бойынша жұмыстар басталды, ал 3 мәселенің заңдылығы түсіндірілді.
Биыл І-мөлтек ауданда абаттандыру қарқынды жүрді. Оның ішінде спорт алаңшаларын салу, аумақты асфальттау мен аяқжолдар төсеу, жарықшамдар орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Ендігі кезекте, ІІ-мөлтек ауданды да абаттандыру қолға алынды.
Облыс орталығында халық көп шоғырланған сектордың бірі – Сауран тұрғын алабы. Тұрғындар саны – 41 550 адам. Жалпы ауданы – 2157 гектар.
Қала басшысының сектор тұрғындарымен кездесуінде басым көпшілігі жол саласы бойынша сауал жолдап, бөлім басшыларына тапсырмалар берілген болатын.
Бүгінде тапсырмалар аясында, 22 шақырымды 34 көшеге тас төселді. Олар: М.Төлебаев, Алпамыс батыр, А. Жұбанов, Желтоқсан, М. Мәжит т.б көшелер. Одан бөлек, 35,9 шақырымды құрайтын 31 көше жарықшаммен қамтамасыз етілді.
10 көшеге жаяу жүргіншіге арналған жол салынып, 3 көше орташа жөндеуден өтті.
Секторға қарасты аумақта 24 аялдама орнатылып, №6, №10 бағытындағы автобустар жаңартылды. Жыл соңына дейін қосымшат №16 бағытында қатынайтын қоғамдық көлік іске қосылады.
1-ші мөлтек аудандағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде, спорт алаңшалары мен балалар ойын алаңшалары жасақталды. 9 дана трансформатор күрделі жөндеуден өтті. Асфальт төселіп, көгалдандырылды.
Одан бөлек, секторда Төле би саябағы салынды. Бүгінде тағы Отбасы саябағының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Әль-Фараби, Ататүрік, С.Ерубаев көшелеріндегі электр желілері заманауи желілерге ауыстырылуда. 110шақырымнан құралған ауыз су құрылысы жасалуда.
Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында сектордағы Баянауыл елдімекенінде 900 орындықты мектеп салу жоспарланған.