30 тамызда шаһардағы 1 мөлтек ауданның көпқабатты тұрғын үйінің бірінде өрт орын алған болатын. Төтенше жағдай кезінде жалын ішінде қалған 5 жасар бала мен ерекше қажеттілігі бар азаматтың өмірі құтқарылды.
Төтенше жағдайда шұғыл шешім қабылдап, екі бірдей азаматқа көмектескен бейбіт күннің батыры- Олжас Тілеуқабылұлы.
Олжас Ерсұлтанов — қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция бөлімінің инспектор капитаны. Үш баланың әкесі. Түркістандық азамат.
Шаһар басшысы ерен ерлік көрсеткен полиция қызметкерін арнайы қабылдады. Ризашылығын білдіріп, ізгі тілегін айтты.
«Мемлекетіміздің ең басты құндылығы — адам өмірі екенін отаншыл жүрегіңізбен сезініп, қауіп құшағында қалған бүлдіршінді жанқиярлықпен құтқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Сіз көпке үлгісіз»- деді, қала басшысы өз сөзінде.
Олжас Тілеуқабылұлы, тұрғындар қауіпсіздігін сақтау өзінің азаматтық борышы екенін айта келе ел игілігі үшін аянбай еңбек ете беретінін жеткізді.