Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ»

«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ»

«Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша 8 ескерткіш Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Олар – Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалі аясында өтіп жатқан «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік, инвестициялық форумында айтты.

«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Оңтүстік Қазақстан облысы «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту кластеріне» енгізіліп, кластер «Ұлы Жібек жолының жүрегі» ретінде сипатталып отыр. 1200-ден астам тарихи-археологиялық, мәдени-архитектуралық ескерткіштері, Ұлы Жібек жолы аумағындағы ең танымал және тарихи құндылығы жоғары, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы аталған мәртебені алуы – біз үшін үлкен абырой және жауапкершілік», – деді әкім.

Сонымен қатар өңір басшысы облыстың туризмін дамыту мақсатында бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Шымкенттің ескі қалашығы аумағында ашық аспан астындағы мұражай ашылып, Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген Оқсыз қонысын және Абылай ханның Ордасы орналасқан Ханқорғанды қалпына келтіріп, туристер ағынын ұлғайту және Қазығұрт пен Ордабасы аудандарында әлемдік стандартқа сәйкес сервисі мен туристік инфрақұрылымы бар брендке айналдыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келетін отандық және шетелдік туристердің ағымын ескере отырып, оның тарихын және аймағын әлемдік мұражайлар үлгісінде аудио-видео визуализациялау жасалып жатқанын және орта ғасырда Отырар көне қалашығы мен Арыстанбаб кесенесін байланыстырған жолды қалпына келтіре отырып, сол жол бойында ұлттық қолөнер шеберханаларын орналастыру жоспарлары іске асырылатынын айтты.

Айта кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалі аясында екі күндік «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік, инвестициялық форумы өз жұмысын бастады.

Онда сала мамандары Ұлы Жібек жолында туризм индустриясын дамытудың өзекті мәселелері мен Жібек жолы бойындағы туристік өнімдерді дамыту, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыра отырып, инвесторларды тарту жайы қаралуда.

Өз тілшімізден

Пікір жазу