Оңтүстік Қазақстан облысы орталығы Шымкент қаласында өтіп жатқан «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік және инвестициялық форум аясында қытайлық делегация Түркістан қаласына барды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ әуелі ұлттық өнерді тамашалады. Шетелдік қонақтар халықтық кәсіп пен қолөнер бұйымдарын көріп, қазақ ұлттық әндеріне тамсанды. Көне шаһар тарихымен танысты. Өңір басшысы Түркістан қаласының биылғы 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанғанын айтты.
«Түркістан – қасиетті әрі көне қалаларымыздың бірі. Ер түріктің алтын бесігі болған Түркістан бұрын қандай маңызға ие болса, бүгінгі таңда да сондай. Іргетасы 15-ғасырда қаланған кесене халықаралық ЮНЕСКО ұйымының тізіміне енген. Мұнда жыл сайын мыңдаған туристер келеді. Алдағы уақытта біршама жұмыстар атқарып, межені арттыратын боламыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Одан соң делегация тобы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ат басын бұрды. Ондағы көне жәдігерлер мен қазақ халқының тарихи тұлғаларымен танысты. Арнайы топты бастап келген ҚХР-ның Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ду Цзян Оңтүстік Қазақстан облысында туризмді дамыту үшін әріптестік танытатынын жеткізді.
«Кез-келген аймақтың ең әуелі шырайын ашатын адамы, бұл тұрғыда мен Оңтүстік Қазақстан халқының қонақжайлығына, жылы шырайлы адамдарына тәнті болдым. Бұл — туризмді дамыту үшін аса қажетті фактор. Біз келісім орнату үшін еліміздегі әрбір аймақтан туристік ассоциацияларды, агенттіктерді алып келдік. Болашақта екі ел арасындағы жаңа авиабағыттарды ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Ду Цзян.
Халықаралық форум аясында өңірдің туризм саласын дамыту бағытында бірнеше екіжақты келісімдер жасалатын болады.