Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА ШАХМАТТАН ӘЛЕМНІҢ ТӨРТ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ ДИНАРА СӘДУАҚАСОВА ШЕБЕРЛІК ДӘРІСІН ӨТКІЗДІ

ТҮРКІСТАНДА ШАХМАТТАН ӘЛЕМНІҢ ТӨРТ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ ДИНАРА СӘДУАҚАСОВА ШЕБЕРЛІК ДӘРІСІН ӨТКІЗДІ

«Балалар жылы» аясында Түркістан қаласына әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, қазақстандық шахматшы, әлем чемпионы Динара Сәдуақасова келіп, арнайы сапарда чемпион түркістандық жас шахматшыларға шеберлік дәрісін өткізді.
Алғашқы кездесу «Фараб» кітапханасында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев қатысып, әлем чемпионына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
– Біздің жас та талапты шахматшы балаларымыз гроссмейтердің шеберлік сабағынан өтіп, әлем чемпионымен шахмат ойнады. Бұл тәжірибенің берері мол. Қазақстан шахматшыларының бұл ойын түріне қосқан үлесі зор. Спортшыларымыз түрлі әлемдік чемпионаттарға қатысып, мемлекетіміздің абыройын асқақтатып жүр. Түркістандық жастар да еліміздің мақтанышына айналатынына сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шахмат әлемінің жарық жұлдызы бірмезгілде 25 жас шахматшымен ойын өткізді. Нәтижесінде әлемнің үздік шахматшысымен түркістандық екі оқушы тең ойын көрсетті.
Бұдан соң Динара Сәдуақасова Оқушылар сарайындағы шахмат үйірмесінің жұмысымен танысты. Онда жас шахматшылармен сайысты. Отандасымыз заманауи үлгіде жабдықталған оқу кабинеттері мен оқушыларға жасалған жағдайға жоғары бағасын берді. Гроссмейстер жас ізбасарларына өзінің «Шахмат ойнап үйренейік» атты кітабын тарту етіп, әлемдік шыңдарды бағындыруға тілектестігін білдірді.

Пікір жазу