Бүгін Түркістан қалалық әкімдіктің ғимаратында “Құтқарушылар күніне” арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков және Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Арман Алпысбаев қатысты.
“Құтқарушы қарапайым болғанымен қоғам алдында мәртебесі жоғары. Ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп, ең басты байлық – адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтап қалу, төтенше оқиғаның алдын алу мақсатында аянбай еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген батыр азаматтарға халықтың айтар алғысы мен ризашылығы қашанда зор”– деді қала әкімінің орынбасары.
Құтқарушы — бұл өмір сүру салты. Бұл қашанда ерлік жасауға, өзін құрбан етуге дайын болу. Құтқарушы мамандығын тек батыл адамдар ғана таңдайды.
Жиында Азаматтық қорғау органдарында және азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға және нығайтуға өз үлесін қосқан, елдің тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегімен ерекшеленген қызметкерлер мен жедел жағдайлар саласына жауапты сектор мамандары марапатталды.
Жалпы жыл басынан бері шаһарда өрт, газдан улану, суға кету секілді 327 оқиға орын алды. Жергілікті құтқарушылар осындай көлденең жағдайлар кезінде жедел қимылдап, талай жанды аман алып қалған.
Айта кетейік, 19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.