Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Хасанов Бахытбек тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметін сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Жеке қабылдау барысында аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін көмек көрсетудің қажеттіліктері айтылды.
Алдымен, жеке қабылдауға кірген Қарасу ауылына қарасты Әйтеке би ауылының №2 көше тұрғыны Р.Самекова отбасында денсаулығына байланысты мүгедектігі бар ерінің жұмысқа жарамсыздығы және кәмелет жасына толмаған 5 баланы асырап отырғанына байланысты жеке табысының төмен болып отырғанын жеткізді. Көп балалы ана жағдайын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек алуға ықпал жасап, қыс маусымында қатты отынмен қамтамасыз етуді сұранды.
Кейінгі кезекте жеке қабылдауда болған Манкент ауылының тұрғыны, белсендісі Л.Жанназаров қарамұрттық тұрғын Ы.Альметовтің көмекке мұқтаж болып отырғанына байланысты қамқорлығы мен жанашырлығын танытты. Көп балалы отбасының иесіне қатты отынмен және тұрғын үйінің ауыз су жүйесіне қосылуына жәрдем беруге шақырды.
Тыңдалған мәселелер бойынша басшы тарапынан тиісті ауылдық округтерінің әкімдері мен сала басшыларына тапсырмалар беріліп, алдағы уақытта оң шешімі табылатыны туралы түсіндірілді.