Түркістан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық түркітанушылар конгресі өтті.
Қазақ ұлттық ғылымының негізін салушының құрметіне 2023 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Мемлекеттік сыйлық беріле бастайды, сондай-ақ ТҮРКСОЙ тарапынан әзірленген «Ахмет Байтұрсынұлы» медалі туыстас халықтардың қаламгерлеріне, ғалымдарына тұрақты түрде беріліп тұратын марапат болмақ. Қазақстанда да осындай ведомстволық медаль дайындалған, онымен гуманитарлық саланың өкілдері марапатталатын болады. Конгресте мұндай марапаттар ғалымдарға, қаламгерлерге үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік жүктейтіні айтылды. Сондай-ақ Алаштың ардақты азаматы, тіл реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы конгрестің Түркістанда өтуіне үлкен мән берілді.
Халықаралық конгрестің ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оқыды. «Ұлт ұстазы атанған Ақаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі», делінген Президент құттықтауында.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов модераторлық еткен жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды әлемнің бірнеше елінен келген ғалымдар мен зерттеушілердің Түркістанда бас қосуы үлкен мәртебе екенін атап өтті.
«Тіл реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтты сүюдің асқақ үлгісін көрсеткен тұлға. Қазақ әліппесінің негізін салушы, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін насихаттау мақсатында Түркістан облысында танымдық сайыстар, сұхбаттар, конференциялар мен семинарлар, ашық сабақтар тұрақты түрде өтіп келеді. Қайраткердің туған күніне орай «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» салтанатты мерекелік іс-шарасы кең көлемде атап өтілді. Облыста жастар мен оқытушылар арасында «Ұлт ұстазы», «Үздік оқытушы» байқаулары өтті. Көркем әдебиетті насихаттау бағытында «Ахмет оқулары», «Алаштың ардағы – Ахмет», «Қазақ өлкесінің бәйтерегі», «Қазақ әліпбиінің атасы» сынды іс-шаралар өтіп келеді. Өңірде 32 көше, 11 мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліп, ескерткіш, 2 бюст орнатылған. Биыл бір көше мен 2 мектепке А. Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсыныс қолдау тауып, бекітілді. Қазақ руханиятының ұлы көшбасшыларының біріне айналған Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын кең көлемде насихаттау бағытындағы жұмыстар жоспар бойынша өз жалғасын табады», деді Дархан Сатыбалды.
Осы арада айта кетелік, бүгінгі күнге дейін ұлт ұстазының есімі республика көлемінде 1 ауылға, 204 көше мен 37 мектепке, 1 музейге, Қостанай халықаралық әуежайына берілген. Сонымен қатар Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік универститеті жұмыс істейді, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «А.Байтұрсынұлы орталығы» ашылған. Жыл басынан бері тұлғаның есімі Астана қаласының № 48 мектеп-лицейіне, Жамбыл облысындағы Қордай ауданының № 51 орта мектебіне және Шу ауданының мектеп-гимназиясына, Петропавл қаласының № 9 орта мектебіне, Рудный қаласындағы № 19 мектепке берілді. Сондай-ақ ұлт ұстазының ескерткіші күні кеше Алматы қаласында ашылды, Түркияның Анкара қаласында да орнатылмақ.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндама жасаған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мерейтойды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу мақсатында Президент Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылып, жалпыреспубликалық жоспар бекітілгенін айтып өтті. Жоспарда халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 63 іс-шара қамтылған.
Мерейтой барысында елімізде және шетелдерде көптеген конференция ұйымдастырылды, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. «Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетел архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу» жобасы бойынша Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік орталық архивтерінде ғалымдар жүргізген жұмыс нәтижесінде тың құжаттар табылған. Бұрын жарияланбаған кейбір еңбектеріне қол жеткізілді. Экспедиция қорытындысы бойынша арнайы жинақ жыл аяғына дейін шығарылатын болады. Сондай-ақ вице-министр баяндамасында А. Байтұрсынұлының толық академиялық шығармалар жинағын әзірлеу және шығару мерейтойлық жылдың үлкен бір табысы болғанын айтып өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен жарық көрген 12 томдық толық шығармалар жинағы шықты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы таңдамалы еңбектерінің қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде әзірледі. ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде шетелдік және отандық ғалымдардың, көптеген мемлекеттің осы халықаралық ұйымдағы өкілдерінің қатысуымен кітаптың тұсаукесері өткізілді.
Көптеген мәдени іс-шара өткізілді. Ал республикалық «Алтын домбыра» айтысы биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналады. Мерейтой аясында ұлт ұстазының туған жері – Сарытүбекте музей-үйі салынды. Отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы (Франция) штаб-пәтерінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтті.