Облыс орталығы Түркістан қаласында қоғамдық маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілуде. Солардың бірі Түркістанның батыр ұлы — Бекзат Саттархановты еске алуға арналған атаулы іс -шаралар.
Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш олимпиада жеңімпазы, Қазақстан республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, 1 дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері Бекзат Саттархановқа арналған «Ұлт рухының жарқылы» атты еске алуға арналған бокстан жарысқа 12-13 жас аралығындағы жасөспірімдер түрлі салмақ дәрежесіне бақ сынасты.
Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған Бокстан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы ХІІ Республикалық турнирдің жабылуы салтанатында жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және сый-сияпаттармен марапатталды. Жиын соңында қонақтар Түркістан қалалық орталық кітапхананың дайындаған «Есіміздесің Ер Бекзат» атты кітап көрмесімен танысты.
Сонымен қатар №2 кітапхана-филиалы «Бекзат-сөнбес жұлдыз» атты танымдық кеш, №8 кітапхана-филиалы «Жасындай жарқ еткен ғұмыр» атты кітап көрмесін ұйымдастырылды.
Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартты.
Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт. Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін.
Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.
Бүгінде Түркістан қаласындағы мөлтекауданға Бекзаттың аты берілді. Саттархановтың атындағы спорт мектебі де бар. Жыл сайын Сидней батырын еске алу мақсатында бокстан халықаралық турнир де өтеді. Мұның бәрі Бекзатты ортамызға қайта әкелмесі хақ.
Бекзаттың өмірден өткеніне қанша жыл толса да, Сидней көгінде жағылған жұлдыз жарқырай бермек…