«Ұлы Дала Елі» орталығына қарасты Нұртас Оңдасынов музейінде Қэқазақ батыры — Қаракерей Қабанбайдың 330 жылдығына орай «Елдікті сақтап қалған қазақ батырлары» атты тақырыпта арнайы іс-шара өтіп, батырды еске алды.
Танымдық кештің мақсаты батыр тұлға – Қаракерей Қабанбайдың өмірі, саяси қызметі, ерлік істері туралы өскелең ұрпаққа мәлімет беру, оның ерлігі жайында кеңінен талқылау, қазақ тарихындағы батырдың алатын орнын түсіндіру.
«Қаракерей Қабанбай батыр есімі ғасырдан ғасырға жалғасатын, сондай-ақ қазақ тарихындағы айтулы да тұғырлы тұлғалардың бірі де бірегейі екені сөзсіз. Дарынды тұлға, күрескер, намысты да қайратты, халқының азаттығына сүбелі үлес қосқан батыр есімін ұлықтау бүгінгі патриотизмді насихаттауға, елдік, отаншылдық санамызды қалыптастыруға, өткен тарихымызға деген құрметімізді арттыруға септігін тигізетін өнегелі іс» — дейді ұйымдастырушылар.
Қаракерей Қабанбай қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресінің негізгі басшыларының бірі ретінде төл тарихымыздың асқақ тұлғаларының бірі. Осы тұлғалардың өмірі мен қазақ халқының қамы үшін, жанқияр ерлік істері бүгінгі ұрпақ, біздер үшін қайталанбас тәлімдік тәрбие, халқымыздың бай мұрасы.
Кеш барысында Ж.Еділбаев мектебінің өнерлі оқушылары Қаракерей Қабанбай жайлы өлеңдер оқып, тарихи көріністер сахналады. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй кештің сәнін аша түсті. Алдағы уақытта да музей ұжымы осындай мазмұнды шаралар өткізуді жоспарлап отыр.