Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығының ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына бағытталған қоғамдық маңызы бар біршама ауқымды шаралар өтті.
Абай Құнанбаев — ұлы ақын, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер.
Мақсаты– қазақтың ұлы ақыны А. Құнанбаев туралы тереңірек меңгеру, өмір жолы мен шығармашылығын таныту, адамгершілікке тәрбиелеу, Абай ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттау, құрмет ету.
Алдымен «Delfin Egucation» білім беру орталығында «Ұлы Дала Елі» орталығына қарасты, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Оңдасынов атындағы музей филиалы «Абай мұрасы – халық даналығы» атты фото көрме ұйымдастырды. Мұнда көрменің тақырыптық мазмұнын ашып, толықтыра түсетін Абай өмірі мен оның әулетіне қатысты портреттер, фотосуреттер мен кітаптар қойылды.
Содан соң Нәзір Төреқұлов музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Түркістан қалалық орталық кітапханасында «Әлем таныған Ұлы Абай» атты шара өтті. Мұнда ұлы жазушының шығармаларын топтастырған кітап көрмесі бар. Шараға Түркістан қаласындағы мектеп оқушылары қатысып, «Әлем таныған – Ұлы Абай» атты бейнеролик дайындалды. Орталық кітапхана мен музей қызметкерлері бірлесе өткізген шараға М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Мақсат Әліпхан, Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі маманы Әйгерім Жұмабай, көзі көрмейтін және әлсіз көретін арнайы кітапхананың кітапханашысы Ержан Ибрагимов қонақ болды.
Бұдан кейін «Балауса» балалар жазғы демалыс лагерінде жас оқырмандар арасында «Абай менің жүрегімде» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысы өтті. Шараның мақсаты – Абай өлеңдері арқылы оқушылардың рухани байлығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Оқушылар аталған шараға бар ынта-жігерімен қатысты. Қара сөздердің мәнін зерделеген жалынды жастар бойларына ерекше қуат алды деуге болады. Сайыста оқушылар Абай шығармаларын оқып, оларды күнделікті әдетіне айналдыруға сөз берді. Ұйымдастырушылар адамгершілікке, бірлікке, оқу-білімге шақыратын мұндай шараның маңыздылығына тоқтала келіп, «Абай шығармаларын санамызға тоқи отыра, мәнін түсініп, жанымызға жақын тартып, Ұлы бабамыздың нұсқауымен жүрсек, келешегіміз жарқын, болашағымыз баянды боларына сеніміміз мол» деп атап өтті. Мерекелік шара әлеуметтік желіге сауалнама жүргізумен қортындыланды.
Еске сала кетейік, Абай Құнанбаев 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыс тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Ибраһим екен.
Абай ислам дінінің қағидаларын барынша құрметтейтін діни отбасында өсіп, тәрбие алды. Оның әкесі Құнанбай қажы тобықты руының өте ықпалды, орыс тілін жақсы білген биі болды. Орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерімен қарым-қатынас жасап тұрды. Ол шыққан тегі сұлтан әулетінен болмаса да Қарқаралы округында алғашқы аға сұлтандардың бірі болып сайланды. Ғұмырының аяқ кезінде Меккеге қажылыққа барып қайтты. Меккеде Құнанбай қажы салдырған Тәбия қонақүйі әлі бар. Қажылықтан қайтып оралған Кұнанбай Бұл дүниелік істерден біржола қол үзеді. Ақынның бабасы Өскенбай Қазақстанның Солтүстік-шығыс аймағындағы әділетті де ықпалды қазақ билерінің бірі болатын. Оның қалдырған данышпандық сөздері мен ғибаратты өсиеттері аз емес. Биге қазақтардың алыс жатқан руларының адамдары да шағым айта келіп, жүгінетін. Абайдың арғы атасы Ырғызбай да атақты би әрі батыр болған.