Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН «ӘЛЕМ ТАНЫҒАН АҚЫН» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН «ӘЛЕМ ТАНЫҒАН АҚЫН» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Бүгін ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Түркістандағы «Farab» кітапханасында Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әлем таныған ақын» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әлем таныған ақын» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды ақынды мерейтоймен құттықтап, елге сіңірген еңбегін жоғары бағалады.

– Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің адамзатты ізгілікке, мейірімге, шынайы махаббатты бағалауға шақыратын өлеңдеріңіз талай адамның сенімін оятты. Жігерлендірді. Туған жеріңіз – Қасиетті Түркістан өңіріне келіп, мерейтоңызды жалғастыру – біз үшін үлкен мәртебе. Алтын уақытыңызды қиып, елмен жүздескеніңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Жуырда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесін көтерді. Оған толық негіз бар. Түркістанның рухани астана атануы жолында сіздің де үлесіңіз мол деп есептеймін. Өйткені сіз парасатты жырларыңызбен, отаншылдығыңызбен ел рухын көтердіңіз. Отырар мен Түркістанды әлемге танытуға еңбек сіңірдіңіз, – деді Дархан Сатыбалды.

Мерекелік кеште М.Шахановтың сөзіне жазылған таңдаулы әндер шырқалды. Түркістан облысының танымал әншілері өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Кеш әрі мерейтой иесі, Қазақстанның Еңбек ері, Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов сөз сөйлеп, Түркістан жұртшылығына алғысын білдірді. Ұлтты сақтау, мемлекетті қорғау, руханиятты қолдау бағытында жүйелі ойлар айтты. Әрдайым парасат, шындық биігінен табылу әр адамға міндет екенін жеткізді. Сонымен бірге Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілерімен бірге «Туған күн кешінде» әнін шырқады.

Мұхтар Шаханов – қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан, әр қазақтың жүрегіне жол таба білген, қайталанбас дарын иесі. Саясатта да ел мүддесі жолында еңбек еткен қайраткер. Ақынның шығармалары әлемнің ондаған елдерінің тілдеріне аударылған.

Оның қазақ әдебиетіндегі орны ерекше бөлек. Мұхтар Шахановтың шығармашылығы мен марапаттарына тоқталсақ:

Ақынның алғашқы өлеңі 1959 жылы жарияланды, ал «Бақыт» аталатын тұңғыш жыр жинағы 1966 жылы басылып шықты. Одан кейін 1968 жылы «Балладалар», 1970 жылы «Ай туып келеді», 1974 жылы «Қырандар төбеге қонбайды», 1976 жылы «Сенім патшалығы» кітаптары шықты.

«Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» атты драмасы көптеген тілге аударылды.

«Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды.

Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғыс ханның пенделік құпиясы») атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды.

«Өлең деген – ешкім айтпаған ойларды айту. ЮНЕСКО менің жырларымды әлемдік поэзияның осы замандық биігі деп таниды. «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» деген романымның әрқайсының өзінде 20-30 романның оқиғасы берілген. Солардың ішінде ешкім айтпаған ойлар бар. Сондықтан өлең жазу басқа, ұйқастыру басқа, нағыз ақын болу басқа. Соңымыздан келе жатқан жастардан осындай биікке көтерілуін талап етемін», — дейді Шаханов.

Мұхтар Шаханов 60-тан аса елден 120-ға тарта сыйлық алған. 2002 жылы Эйнштейн атындағы алтын медаль берілді.

«Эйнштейн атындағы сыйлықты дүние жүзінде менен бұрын 18 адам алған екен. Менің есімім БҰҰ алтын кітабына жазылған. АҚШ, Англия, Франция, Германия, Жапония секілді жиырмаға тарта елдің құрметті азаматымын. Бірақ атақ пен даңққа қызыққан адам емеспін. Кезінде маған «Халық қаһарманы» атағын берді, қол қойып қойған кезінде мен алмай қойдым», — дейді ол.

Мұхтар Шахановқа 1994 жылы Қырғыз Республикасының халық ақыны атағы берілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы атанды.

Одан бөлек Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының лауреаты, Түркияның «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының халықаралық «Руханият» сыйлығының лауреаты атанды.

2006 жылы Түркия, Әзербайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған «Түркі әлеміне ерен еңбегі үшін» атағы берілді.

 

Пікір жазу