Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен жас ақын Санжар Ғұламаның «ТҮРКІСТАНЫМ – ЖЫР-ӘНІМ» атты шығармашылық кеші өтті.
Іс-шарада жас ақынның «Үзілмеші үмітім» атты кезекті жыр жинағының тұсауы кесілді. Кешке Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы, облыстық Жазушылар одағының төрағасы Айдар Сейдазым арнайы қатысып, жас ақынға ізгі тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова, ақын Алтыншаш Жақиянова мен Асыл Арыстанбек және композитор-әнші Жанар Болатбекова кеш қонағы болды.
Құдіретті поэзия төрге шыққан кеште облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Асылбек Таңатаров Санжар Ғұламаны жаңа жинағының жарық көруімен құттықтап, арнайы сый-сияпаттарын табыс етті.
Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.