Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА «ӘЖЕЛЕР ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ» АТТЫ ӘЖЕЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА «ӘЖЕЛЕР ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ» АТТЫ ӘЖЕЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Халықаралық қарттар күніне орай «Әжелер отбасының берекесі» атты әжелер байқауы өтті. Төрт кезеңнен тұратын байқауға Түркістан қаласынан және Сауран мен Отырар ауданынан жасы 55-тен асқан әжелер қатысып, бақ сынады, деп жазады облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Алғашқы «Өзін, өз отбасын таныстыру» кезеңінде немере-шөбере тәрбиелеп отырған әжелеріміз өлеңмен және ән арқылы өздерін таныстырса, «Тәрбие тал бесіктен» атты екінші кезеңде салт-дәстүрден көрініс көрсетіп, арнайы алып келген қолөнер бұйымдарын таныстырды. Сондай-ақ ұлттық тағам түрлерін әзірлеуден сайысқа түсті. «Әже, ертегі айтшы» кезеңінде үлгі-өнеге беретін ертегілер айтып, мәнін түсіндірді.
«Бүгінгі өткізіп отырған байқауымыздың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарға негізделген дәстүрлі тәрбиені насихаттау, ұлтымыздың қасиетті қазынасы: салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды мұра ету, әже тәрбиесін өскелең ұрпаққа өнеге, үлгі ету, әжелерге лайықты қолдау көрсету және көпшілікке насихаттау» – деді кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы.
Ақ жаулықты әжелер өнеріне Түркістан қаласы Әйелдер алқасының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Әбенқызы, ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы Әжелер алқасының төрайымы Айғаным Абанқызы, Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жанат Сәдібекқызы қазылық жасап, жеңімпаздарды анықтады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Түркістан қаласының атынан қатысқан Ташметова Рыс «Алтын оймақты шебер әже» аталымы бойынша марапатталса, Сауран ауданынан Болатова Райхан 3-орын, Түркістан қаласынан Тойлақова Раушан 2-орын, Отырар ауданынан келген Арыстан Ұлсерік жүлделі 1-орынды иеленді. Ал Түркістан қаласынан қатысқан 60 жастағы Құрбанходжаева Жәудір бас жүлде иегері атанды. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.

Пікір жазу