Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде қоғамдық маңызы бар «Ұлы Даланың жеті қыры» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Аталған фотокөрме Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Оңтүстік жастары» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен өтті.
Рухани құндылығы мол шарада халқымыздың салт-дәстүрі, Түркістан облысының тарихи орындары және мәдени сәулеттік ескерткіштерінен сыр шертетін суреттер қойылып, көрмеге келушілердің жақынырақ танысуына мүмкіндік жасалды. Сайысқа облыс бойынша 17 аудан, қаладан 50-ден астам фототілші қатысып, әрқайсысы өздерінің тақырыпқа сай екі туындысын көпшілік назарына ұсынды.
Фотоөнерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған игілікті шараға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов қатысып, өңірімізде суретке түсіру өнерінің дамып келе жатқанын атап өтті. Көрме барысында көрермендерге сұрақтар қойылып, ұтымды жауап бергендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Өңіріміздің таңдаулы фотографтары Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзгерістерге ризашылықтарын білдірді. Республика бойынша туристік және киелі орындардың көп шоғыры орналасқан Түркістан облысының тарихи ескерткіштері мен орындарын суретке түсіріп, талғамы биік жұртқа жеткізгендерін айтты.
Мазмұнды фотокөрме концерттік бағдарламаға ұласып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен жалғасты. Сайыс қорытындысында Түркістан қаласындағы «Lux media» мекемесінің фототілшісі Оразғали Асан бас жүлдеге лайық деп табылып, 500 000 теңге сыйақыны иеленді. І орынды Созақ ауданынан келген жас ана, әуесқой фототілші Мөлдір Егешова (300 000 теңге), ІІ орынды «Түркістан-медиа» ЖШС-ның фототілшісі Ердәулет Сағындық (200 000 теңге) жеңіп алды. Ал ІІІ орын Созақ ауданынан келген Асылжан Қошқар мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті Аружан Темуроваға бұйырды, олардың әрқайсысына 50 мың теңге көлемінде қаржылай сый-сияпат табыс етілді.
Фотокөрме соңында шараға қатысушылар өзара пікір алмасып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.