Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҚСАТЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҚСАТЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «Қоғам санасында азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы тосқауылдар және оны шешу жолдары» тақырыбында семинар өтті.
Жиынды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев сөз сөйлеп, ашып берді. Басқарма басшысы өз сөзінде мемлекеттілікті нығайту жолында ел бірлігін бекемдеу, патриоттық сезімді сіңіру маңызды екеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам атты жолдауында көрсетілгендей, «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Жаңа Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік, — деді басқарма басшысы.
Аталған іс-шара қоғамда ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, мемлекеттің ұлттық саясатының ең басты бағыт-бағдары болып табылатын ұлттық және азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Сонымен қатар семинарда мемлекеттің жан-жақты ойластырылған этносаясаты мен қоғамды демократияландыру процесіндегі жетістіктері насихатталды.
Семинар барысында ОҚМПУ-нің «Рухани жаңғыру» және тәрбие бөлімі басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев баяндама жасады. Сонымен қатар ОҚМПУ-нің «Маркетинг және мансап» департаментінің басшысы, заңгер-ғалым, Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Ғалымжан Битұрсын және Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, медиатор Бақытжан Бейсембаев өз пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы баяндамашылар Президентіміздің ұсынған жеті қағидасын негізге ала отырып, елдің бірлігі мен достастығы және этносаралық қатынастың жақсы жолға қойылуы, халықтар достығының нығаюы, әсiресе, бiздiң Қазақстан сияқты көпэтностың өкiлi тұратын, демократиялық жолмен дамып келе жатқан республика үшiн өте қажет екендігін ашып айтып берді.
Жиын соңында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Жаңабайұлы баяндамашыларға алғыс білдіріп, жиналғандарды алдағы келе жатқан Республика күні мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ елімізде ынтымақ пен бірліктің туы желбіреп, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тіледі.

Пікір жазу