Жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен дүние жүзі бойынша кәсіподақтар 7 қазан — Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін әрекет күнін атап өтеді. Ағымдағы жылы бұл күн Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Әділ еңбекақы» ұранымен өткізілуде.
Осы ретте, аталған бастаманы қолдау мақсатында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Түркістан қалалық кәсіподақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласы «Мұстафа Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебі» КММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында «Әділ еңбекақы» ұранымен дөңгелек үстел өтті.
Жиында сөз алған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Түркістан қалалық кәсіподақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Диана Турманова, «Кәсіподақтардың басты ұраны «Еңбек адамына – лайықты өмір!». Осы ретте ең төмен және іс жүзіндегі еңбекақы мөлшерлерін арттыру, оның уақтылы төленуі, еңбекақы төлеудегі кемсітулерге жол бермеу мәселелері кәсіподақтардың жұмысында ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес» — деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең төменгі жалақы мөлшерін 60 000 теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімі, Кәсіподақтар федерациясының әртүрлі алаңдарда қазақстандық жұмысшылардың жалақысын дәйекті түрде жоғарылату бойынша бастама көтергендігінің арқасында жеткен жетістік екенін жеткізді.
Сондай-ақ жиын барысында еңбек ұжымының өзекті мәселелері талқыланып, қатысушылардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, айлық жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбек және ұжымдық шарт талаптарының орындалуы мен қызметкерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты әлеуметтік мәселелері сөз етілді.