10 қазан — Кәсіподақтар күні мерекесіне орай «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен салтанатты шара өтіп, осы салада елеулі еңбегімен көзге түскен қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан арнайы келген «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымжан Мадиев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі және кәсіподақ ардагерлері, салалық кәсіподақтар филиалдарының, жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Мерекелік шара барысында «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымжан Мадиев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Ал мұнан соң Түркістан облысының кәсіподақ жұмысына белсенді үлес қосып жүрген бірқатар еңбеккерлер ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалі және «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен марапатталса, бірқатары Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды. Солардың бірі кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында ұзақ уақыттан бері еңбек етіп жүрген «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісінің иегері «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының Мақтаарал аудандық комитеттің төрағасы Қасымбек Хаметов.
Сонымен қатар жиында оңтүстік өңірінің кәсіподақ саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келген ардагерлерге де құрмет көрсетіліп, Досыбай Шерімқұлов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрған Бейімбетов «Ел ардақтысы» медалдерімен наградталды.
Осылайша өрбіген шара барысында бұл күні тағы бірнеше кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері Түркістан облыстық кәсіподақтар орталығының Құрмет грамоталарымен және салалық кәсіподақтардың «Кәсіподақ қайраткері» медалі, «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» медалі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.
Өз кезегінде салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары, кәсіподақ ардагерлері мен бірқатар марапат иелері сөз сөйлеп, осы шараның ұйымдастырушыларына алғыстарын айтып, өз ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ерекше көңіл күйде тарқасты.