Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі қарсаңында пайдалануға берілген жаңа мектептің салтанатты түрде лентасы қиылды. Шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Арман – M School» мектебінде оқушылар үшін жайлы сыныптар мен асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медицина бөлмесі сынды маңызды бөлмелермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жеке пәндерге арналған арнайы кабинеттер де жабдықталған. Енді «Бірлік» мөлтек ауданында орналасқан Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектебінде үш ауысымда білім алып келген 1700-ден астам оқушының 650-і жаңа мектепте оқитын болады.
Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының айтуынша, жаңа білім ұясы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген. Құрылтайшысы жеке кәсіпкерлер Тәжібек Мұсаев пен Ержан Мұстапаев. Жалпы облыс орталығындағы 34 мемлекеттік, 27 жекеменшік мектепте 50 мыңанан астам оқушыны 5 мыңға тарта педагог білім нәрімен сусындатуда.
Айта кетейік, Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектеп қаламыздағы тарихы терең білім ошақтарының бірі. 1960 жылы асар жолымен салынған ыңғайластырылған мектеп ғимаратында оқып келген оқушылар 2012 жылы мемлекет тарапынан салынған 300 орынды жаңа мектепте оқытыла бастады. Дегенмен, оқушысы бірнеше есе көп мектепке бұл ғимарат та тарлық етті.