Бүгін Түркістан Оқушылар сарайында «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне» орай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мерекелік концерт өтті.
Аталған, іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, ата-аналар мен балалар қатысты.
«Сіздерді еліміздің ұлық мерекесімен құттықтаймын! Қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілік сақталып, әрбір шаңырақта бақ-береке орнасын. Бүгінгі балалар — ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азаматтарымыздың шығармашылығы шыңдала берсін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!», — деді іс-шарада сөз алған Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова.
Кеш қонақтарын құттықтаған жас өнерпаздарымыз қазақ әндерінің алтын қорындағы Отансүйгіштікке шақыратын туындыларды орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Осыдан 31 жыл бұрын 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған еді. 16 желтоқсан — қазақ халқы үшін ең бір маңызды, қасиетті, қуанышқа толы күн екені белгілі. Мінеки биыл тәуелсіз ел болғанымызға 31 жыл толып отыр. 31 жыл ішінде қазақ халқының тарихында көптеген жақсы өзгерістер болды. Тәуелсіздік күні ел аумағында әрқашан жоғары деңгейде аталып өтіледі. Бұл күндері рухани қаланың білім беру ұйымдарында «Тәуелсіздік ел ұрпақтары» онкүндігі, «Қазақстан жасампаздық жылдары» кітап-иллюстрациялық көрмесі, тарихи танымдық және тәрбие сағаттары, оқушылар арасындағы жарыстар, дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар, компьютерлік графика бойынша жарыстар және басқа да іс-шаралар өткізіледі.
Айта кетейік, биыл «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленген өзгерістер енді.