Түркістан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, филолог-ғалым, академик Зейнолла Қабдоловтың туғанына – 95 жыл толуына орай «Көп қырлы талант» атты көрме әңгіме №136 жалпы орта білім беретін мектебінің 7 «и» сынып оқушыларының қатысуымен өтті.
Көрме әңгіме барысында оқырмандарға З.Қабдоловтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы ақпарат беріліп, сөз өнерінде әдебиет теориясы, көркем шығарма психологиясының және жазушы шеберлігінің өзекті мәселелері өзара сабақтастырыла тарихи тұрғыдан жан-жақты байыпталып, бағалы деректер негізінде нұсқалы, һәм терең талданған Зейнолла Қабдоловтың көп томдық шығармалары көпшілік оқырман қауымға насихатталды.
Айта кетейік, Зейнолла Қабдолов — жазушы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы.
Қазақтың біртуар тұлғаларының бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Зейнолла Қабдолов 1927 жылы 12 желтоқсан күні Атырау облысы Доссор кентінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдебиет кафедрасын басқарған. «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. «Менің Әуезовым», «Ұшқын», «Жалын» романдарының, «Жанр сыры», «Сөз өнері» оқулық-монографияларының және «Адам», «Сыр» әңгіме-очерктерінің авторы. 2006 жылы дүниеден өткен. Алматы қаласында көшелердің біріне аты беріліп, Желтоқсан көшесіндегі №132 үйдің қабырғасына мемориалы орнатылған.