Түркістан қаласы бойынша бруцеллез ауруын алдын алу үшін медицина қызметкерлері арасында 6 семинар ұйымдастырылды,-деп хабарлайды didarbek.kz Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жұқпалы аурудың таралуын алдын алу мақсатында Түркістан қаласы бойынша ошақтарда 20 әңгіме жүргізілді. Әлеуметтік желілер арқылы ауруды жұқтыруды алдын алу бойынша ақпараттар жүктеліп, тұрғындар арасында жадынама парақшалары таратылды. Мектеп оқушылары арасында дәл осы тақырыпта диктанттар жазу ұйымдастырылған.
Бруцеллез аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру жануарлар мен адамдарға ортақ. Аурудың таралу көзі ұсақ жәні ірі қара малдар. Әсіресе ұсақ
малдар (қой мен ешкі) аурудың ауыр түрлерін таратады. Аурудың қоздырғышы жануарлар ағзасында өмір сүріп, көбейеді жəне сыртқы
ортаға сүт, зəр шығару, төлдеу мен түсік арқылы бөлінеді. Сыртқы ортада атап айтқанда, суда, топырақта, шөпте бруцеллез қоздырғышы көпке дейін өмір сүреді. Мысалы, суда, топырақта, шөпте үш айға
дейін, ірімшікте 70 күнге дейін, етте 40 күн, кептірілген жəне мұздатылған
өнімдерде бірнеше ай бойы өмір сүре алады. Аурудың қоздырғышы жоғары температураға өте сезімтал келеді жəне қайнату кезінде бірнеше секундта өледі.
Адамдарға бұл ауру малдарға қарау кезінде қауіпсіздік ережелерін
сақтамаудан, ауру қоздырғышы бар ет, сүт жəне олардың өнімдерін тамаққа қайнатпай пайдаланудан жұғады.
Ауруды алдын алу үшін қайнатылған немесе пастерленген сүт ішу керек. Қайнатылмаған сүттен дайындалған ірімшікті жеуден бас тартқан абзал. Ауру малдарды бағып-күткен кезде аса сақ болу керек. Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысатын барлық жеке жəне заңды тұлғалар
қолдағы барлық малдың қанын зертханалық тексеруден өткізіп отырулары тиіс.
Бруцеллез ауруы ұзаққа созылатын, қайта қозып тұратын, еңбекке қабылеттілікті уақытша немесе түбегейлі жоятын жұқпалы ауру.
Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының көтерілуі, терлеу, әлсіздік, буындардың ауруы болып табылады. Дер кезінде қажетті ем-дом жасамаса ауру қоздырғышынан адамның жүйке жүйелері зақымданады. Ауру қоздырғышы адамның жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлер-орхит, әйелдерде түсік тастау, жатырдың қабынуы, мастит аурулары пайда болуы әбден мүмкін. Ауруға қарсы қажетті емді тым кеш алғанда бруцеллез мүгедектікке ұшыратады.
Айта кетейік, оңтүстік өңірі бруцеллез ауруының таралуына қолайлы аумақ болып табылады. Өткен аптада Қазығұрт ауданындағы екі ауылда ұсақ малдардан бруцеллез анықталды. Ауру өзге ауылдарға тарап кетпесі үшін карантинге жабылды. Өз кезегінде Түркістан қаласы да бруцеллез ауруының таралуына қолайлы аумақ болып саналады.