Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА 9 АЙДА 192,1 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА 9 АЙДА 192,1 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

Түркістан қаласы әкімінің мәлімдеуінше, 2021 жылы өнеркәсіп саласы бойынша өнім көлемі 14,8 млрд.теңге көрсеткішке ие болса, биыл 9 айдағы нәтиже 15,4 млрд.теңгеге жетті, яғни өткен жылғы көрсеткіштен 3,8% артқан.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру — алдымызда тұрған аса маңызды міндет екенін айтты. Президент тапсырмасы қазіргі таңда киелі шаһарымызда жүйелі іске асып, өз нәтижесін беруде. Биыл Түркістан қаласына 179,1 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл ретте, 9 айдың ішіндегі көрсеткіш 192,1 млрд. теңгеге жетіп отыр. Жалпы 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жоба мақұлданып, 761 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде биыл шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды, — деді Нұрбол Әбсаттарұлы.

Сонымен қатар, «TURKESTAN» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 900 миллион теңгені құрайтын 3 кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады. Олар — «Асфальт бетон», «Газоблок», «Газобетон» зауыттары.

Ал баспанамен қамту саласында 2022 жылдың 9 айында 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нақтырақ айтқанда 2 667 пәтерлі 42 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды.

Инфрақұрым бойынша да шаһарда оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қала аумағында 37 655 абонент таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін таза ауызсумен қамту деңгейі 98,5%-ға жетпек. Ал сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші биыл 84,9%-дан 94,7%-ға артқан. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95%-ға жетті.

Нұрбол Әбдісаттарұлының айтуынша, жол саласында 2022 жылдың қорытындысымен қалада жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4%-дан 40,3%-ға артпақ. Қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайды. Аталған көліктердің 78-і сыйымдылығы жоғары болса, қалған 142-сі — шағын автобустар. 2021 жылдан бастап қала ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес 78 жаңа автобус алынды, нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктердің 34% жаңарды.

 

 

Пікір жазу