Шымкентке «AMANAT» партиясының атынан сайлауға түсіп жатқан үміткерлер ақпараттық-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жадыра Таңатарова, Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Талғат Балтабаев, «AMANAT» партиясының Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Иманқұлов «Стандарт Цемент» кәсіпорнында болды.
Ақпараттық топ кәсіпорын ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Өз сөздерінде олар еңбең адамының әрдайым беделді екеніне тоқталды.
– «AMANAT» – халықтың партиясы. Біз әрдайым еңбек адамының құқығын қорғауды назарда ұстаймыз. Өндірістегі адамдардың құқығын мүддесін қорғауды, оларға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын көтеруді сайлауалды бағдарламаға енгіздік. Өндірістегі мамандардың денсаулығы мен өмірі сақтандырылуы тиіс. Жаңалықтар өзгерістерден басталады. Ендеше, біздің партия да Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға тың идеямен үміткерлер ұсынып отыр, – деді Жадыра Таңатарова.
Кандидаттар жұмысшылардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдады. Сұрақтарына жауап берді. Олар сайлауалды бағдарламасының тұрғындардың өтініш-тілектері негізінде жасалғанына тоқталды.
Айта кетерлік жайт, «Стандарт Цемент» Қазақстанның цемент нарығындағы ірі ойыншы болып табылады. Зауыт өндірісінің көлемі-жылына 1 млн тонна цемент. Компания заманауи технология бойынша құрғақ әдіспен Цемент өндіреді, бұл өнімнің сапасын арттыруға және сонымен бірге оның құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Компания өз жұмысында өндірістің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады. Ол үшін кәсіпорында 70-ке жуық сүзгі орнатылды, соның арқасында атмосфераға қалдық шығарындылар іс жүзінде қоршаған ортаны ластамайды. Бүгінгі таңда компания Оңтүстік өңірінің нарығын өз өнімдерімен 90%-ға қамтамасыз етіп отыр.
Шымкент қалалық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.