Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» премьерасын қойды. Әлемдік классикалық музыка қорына енген «Біржан – Сара» операсын сахналау, облыстық опера және балет театры үшін тарихи оқиға, жаңа белес болып отыр. Премьераның ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, қойылымды көрермендермен бірге тамашалады.
«Біржан – Сара» – көп актілі лирикалық драмалық опера саналады. Премьерада 19 ғасырда өмір сүрген белгілі ақыны, әнші-сазгер Біржан салдың өміржолы мен дүние-дәйегі, сондай-ақ Сара ақынмен айтысы да көрініс тапты. Шығармада Біржан мен Жанбота болыстың арасындағы күрес те керемет суреттелген. Қойылымының режиссері – Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Асанбеков болса, қоюшы суретшісі – Бақыт Күзембаев. Операда Сараны рөлін облыстық опера және балет театрының әйгілі әртісі Үрәлхан Сейілбекова сомдады. Туындының драматургиялық желісінде Біржан мен Сараның махаббатын көрсететін лирикалық бағыт пен тарихи шындық бір арнада тоғысты.
«Біздің ұжым бұған дейін мұндай жоғары дәрежедеге операларды орындап көрмеген болатын. Рас, алғашқыда қалай шығады екен деп алаңдадық. Тәуекел етіп, «Біржан – Сара» операсын облыстық опера және балет театрының 150-ге жуық қызметкері орындап отыр. Бұл қойылымымызды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қолдау білдіру негізінде көрерменге паш еттік», – дейді театр директоры Әбдіхан Нұрмағанбетов.
Сонымен, қазақтың белгілі жазушысы Қажым Жұмалиевтің либреттосына жазған «Біржан- Сара» операсын сахналау үшін ұжым 6 ай уақытын арнаған. Айта кетейік, бүгінде ашылғанына 9 жылдан асқан облыстық опера және балет театрында 217 адам қызмет етеді. Оның 147-сі шығармашылық ұжым.