Бүгін Сайрам ауданы прокуратурасының бастамасымен аудан әкімдігі, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, Қарабұлақ ауылдық округі әкімдігінің, кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының, «Ақсу» МКК-ның басшыларының қатысуымен ағын сумен шаруаларды қамтамасыз ету проблемасы талқыланды.
Сайрам ауданы бойынша суармалы жер көлемі 18 500 га, оның ішінде үй іргелік жерлер 5 073ьга, суармалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірет жерлер 13 427 га құрайды.
Суармалы жерлерді ағын сумен 53 канал арқылы қамтамасыз етіледі және Ақсу өзеніндегі судың деңгейі төмендеуіне байланысты ағын су тапшылығы туындауда (қажетті 140-150 млн.м3 ағын су орнына 82,4 млн.м3 су келуде), осыған орай аудан бойынша ағын су шаруаларға кестемен берілуде.
Аталған проблеманың өзектілігі мен маңыздылығын ескеріп, жергілікті шаруалармен егістік алқабының басында кездесу өткізіліп, қалыптасқан жағдай бойынша түсіндірме жүргізілді.
Сонымен қатар, шаруалардың ағын сумен қамтамасыз ету барысында туындаған жекелеген мәселелері тыңдалып, канал бойындағы заңсыз құрылыстарды («Янги» каналының бетін бетондау мәселесі) тоқтатуға шаралар қабылдау туралы ұсыныстары қабылданды.
Аталған іс-шаралар нәтижесінде, прокурормен туындаған проблемалық мәселелер бойынша құзырлы органдарға нақты нұсқаулар беріліп, алдағы уақытта осы мағыналас шаралар өз жалғасын табатыны туралы жеткізді.