Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

САЙРАМДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Сайрам ауданының Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекеніне газ берілді. Бүгінгі таңда 310 тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. Мұнан алдын аталған ауылдық округтегі Сарыарық елді мекенінің 77 тұрғын үйі, сондай-ақ Тоған елді мекенінің 48 тұрғын үйі газбен қамтылған болатын.
«Таскешу ауылын табиғи газбен жабдықтау» нысанының құрылысы 2020 жылы басталған. «Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің тапсырысы бойынша мердігер мекеме «Қазойлсервис» ЖШС-і тарапынан құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Осы жұмыстарға 249,450 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалған.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Хасанов Бахытбек Сембекұлы ауыл тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.
Жергілікті белсенділер ауылдың жағдайын жақсартуға үлес қосып отырған аудан және сала басшыларына ризашылықтарын жеткізіп, дастархан басында бата-тілектерін айтты.
— Таскешуліктердің жыл сайынғы көмір отынын сатып алу, жағу және күл шығару секілді қысқы айларында көретін қиыншылықтары артта қалды. Енді, алдағы жылу маусымында үйіміз жылынатын болады. Мереке қарсаңында ауылымызға көгілдір отынды жеткізіп, жақсы жаңалықты сыйладыңыздар. Халықтың сұранысы орындалғаны үшін Сіздерге айтарымыз тек қана алғыс. Істеріңізге береке тілейміз!
Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймурза Бейсембаев және ауылдық округінің әкімі Есбол Дүйсебаев қатысты.
Айта кетелік, аудан аумағында 42 елді мекеннің 34 елді мекені табиғи газбен қамтамасыз етілді. Қамту көрсеткіші 80,9 пайызға жетті. Сонымен қатар, биылғы жылы Ақсуабад, Құтарыс, Қызылжар, Оймауыт, Ақарыс және Көлкент елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудандағы барлық елді мекенді 2024 жылға 100% табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.

Пікір жазу