Сайрам ауданы әкімдігінде аудандағы инфрақұрылым жүйелерін жақсарту мақсатында мәжіліс өтті.
Мәжіліске аудан әкімі Арман Сәбитұлы төрағалық етті.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев аудан тұрғындарын коммуналдық жүйелермен қамту барысы мен жоспарларын кеңінен баяндады.
Аудан аумағындағы 42 елді мекен 100 % орталықтандырылған ауыз су желілері арқылы ауыз сумен қамтылған.
Аудан көлемінде 9 ауылдық округіне қарасты 39 елді мекенге «Сайрам тазалық» ЖШС-і, Қарамұрт және Низамабад-2 елді мекені «Қарамұрт су» ӨК, Қарабұлақ ауылына «Қайтпас су» ЖШС-і қызмет көрсетуде.
Су құбырларының жалпы ұзындығы 1338,1 шқ құрайды. Бүгінгі таңда 32658 тұтынушы бар.
42 елді мекеннің ауыз су жағдайы зерделеніп, нәтижесі таныстырылды. Тұрақты ауыз сумен қамту мақсатында Ақсукент-2 ауылындағы көпқабатты үйлерге ауыз судың қысымын жоғарылату үшін су ұңғымасын қазу және су мұнарасын орнату жұмыстары атқарылуда. Нұржанқорған және Қожақорған елді мекендеріндегі тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға қаражат қаралып, мердігер тарапынан жобалау жұмыстары жүргізілуде. Қарабұлақ ауыл округіне жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, сараптама қорытындысын алу үшін тапсырған құжаттары маусым айында алу жоспарлануда. Ақбай және Ақбастау ауылдарындағы ескі құбырларды жаңалауды, ал Шіркін, Қосбұлақ және Оразалиев ауылдарының жаңақұрылыс аумақтарына инфрақұрылым жүйелерін тартуды қажет етеді. Көлкент, Манкент және Ханқорған ауылдарында ауыз су құрылыстары басталған.
Бұдан кейін, электр жарығы мәселесі қаралды. Барлық елді мекен орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Аудан аумағында 884 дана электр трансформатор орналасқан. Ауылдық округтерінде электр бағаналары мен электр желілеріне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 51 % тозғаны анықталды. Электр энергиясының сапасын арттыру үшін қосымша 40 дана трансформатор қажеттілігі туындауда.
Келесі кезекте 34 елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынды тұтынады. Елді мекендерге газ тарататын 3 дана газ таратушы станциясы бар. Қарасу ауылдық округіне қарасты Береке және Шапырашты елді мекендерін табиғи газға қосылу нүктесі бойынша Ақсуабад елді мекені арқылы құрылысы жүргізілуде. 4 жоба бойынша 6 елді мекенге табиғи газды жеткізу бойынша мердігер мекеме анықталып, биыл құрылысы басталған. Қарабұлақ ауылын газбен қамтамасыз ету құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Нысанға қаржы қарастырылып, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Іске қосылған жағдайда 1100 тұрғын үй газбен қамтылмақ.
Мәжіліс соңында, аудан әкімі құрылыс нысандарын қадағалауды, апатты жағдайларды қалпына келтіруді, ауыл халқының қай инфрақұрылым жүйелеріне мұқтаж екендерін анықтап, осы бағытта нақты жұмыстарды атқаруды тапсырды.