Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов Ақсукент ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді. Жиында әдеттегідей сапалы ауыз су, жол белгілері, санитарлық тазалық сынды мәселелер баяндалып, атқарылған істер мен келешектің жоспарындағы жұмыстар айтылды.
Әкіммен тікелей кездесуге келген жұрт үшін бұл айтылғандар емес, бүгінгі күні толғандыратын мәселелер маңыздырақ болды. Солардың бірі –Тәжиев Асылбек. Оның сөзінше аудан орталығындағы бағдаршамдар жиі өшіп қалады, онымен қоса мектеп маңында жол белгілері (лежачий полицейский), жаяу жүргінші жолағы орнатылмаған. Бұл – бірінші кезекте балалардың қауіпсізідігі, дейді ауыл тұрғыны. Аудан әкімі тұрғынның мәселесін тыңдап, тұшымды жауап берді.
«Бұл өзекті мәселе. Биылғы жылы біз қауіпсіздік мақсатында ауданда 5 сергек камерасын орнаттық. Шымкентке барар жолда 2-3 мектеп бар. Біз бұл өте қауіпті аймақ екенін білеміз. Келесі жылы тағы 20 қауіпсіздік камерасын орнатуды облысқа ұсындық. Бұл ретте, полиция мен ТҮКШ бөлімдеріне тексеру (ревизия) жүргізіп, тағы қанша бейнебақылау камерасы қажет екенін жедел анықтау қажет! Ал ТҮКШ бөлімі тиісті орындарда жол кедергілерін орнату мәселелерімен айналысуды тапсырамын», — деп айтты А.Сәбитов.
Аудан орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «инватакси» бюджет есебінен іске қосылды. Бүгінде екі автокөлік қызмет көрсетуде. Бұл II-тоқсандағы көтерілген мәселелердің бірі болатын.
Жалпы аудан көлемінде ауыз су мәселесі жиі айтылады. Бұл бағытта Ақсу ауылында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлерге қазылған су ұңғымасы іске қосылды. Ал, биыл Астана даңғылынан қосымша су «скважинасы» қазу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Торнадо» су ұңғымасын жөндеуге жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Бұл шаралар – сапалы ауыз су мәселесін шешпек.
Ауданымызда қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару бағытында тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл орайда Арман Сәбитов әр азаматтың мәселесін жіті талдап, заң аясында шешуді тапсырады.