Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов Арыс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Бүгінде аудан басшысы әкімдік пен қоғам арасында диалогты күшейтуді міндеттеді. Бұл жаңадан келген аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен 10-ы кездесуі. Осындай жүздесулерде А. Сәбитов халықтың мұң-мұқтажын біліп, нақты шешім қабылдауда.
Бүгінгі кездесуде Тажиев Сейдулла есімді азамат Нұржанқорған ауылындағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, ауылдық округте қарапайым «Арыс ауылы» деген жазудан бөлек, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жол белгілері де жоқ. Бұл жөнінде аудан басшысы А.Сәбитов ауыл әкіміне тез арада мәселені шешуді тапсырды.
Ауылда атқарылған жұмыстар да баршылық. Қожақорған елді мекені, Ж.Хайтенов көшесі бойында орналасқан ауыз су мұнарасына жаңа су сорғысы орнатылды. Айта кетейік, екінші тоқсандағы кездесуде тұрғындар тарапынан бұл наразылық тудырған болатын. Сондай-ақ, Жаңақұрылыс көшесі бойында орналасқан электр трансформаторына қауіпсіздік мақсатында қоршау жүргізілді. Ал, «Қалмақтоған» арығындағы қауіп төнуі ықтималы бар аймағын «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны тарапынан қалпына келтіріп, ішінара механикалық тазалаудан өткізілді.
Жиында жаяу жүргіншілер жолы да айтылды. Мәселен Нұржанқорған ауылы, Атамекен көшесінің бойында «тротуар» жоқ. Оны естіген аудан әкімі А.Сәбитов тиісті бөлім басшыларын сұрақтың астына алды. Белгілі болғандай биыл Арыстағы ауыз су желілерінің құрылысына жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде келер жылы бюджеттен ауыз су мәселесіне қаржы бөлінеді. Сол себепті қазір Арыс ауылында 14 көшеге жол аяқ құрылысын жүргізген тиімсіз, дейді сала басшысы. Тек ауыз су құбырларын толықтай орнатып болып, жол мәселесіне көшетіндерін жеткізді. Осы ретте, А.Сәбитов келесі жылғы жоспарға жаяу жүргіншілер жолын қосуды тапсырды.
Жалпы тұрғындар ауылдық округ әкімінің жыл бойы атқарған жұмысына көңілдері толмай отырды. Жиын соңында А.Сәбитов бөлім басшылыры мен ауыл әкіміне нақты міндеттемелер жүктеді, осылардың барлығын орындау аясында елмен бірге болу міндет екендігін атап өтті.