Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә.Бектаев, М.Қадырбек, А.Сатвалдиевтер Қазығұрт ауданына арнайы іс-сапармен келіп, өнер мектебінде аудан әкімі А.Исмаилов, ардагерлер кеңесі төрағасы А.Омаров және басқа да мүшелері, кәсіпкерлер мен шаруалар, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдігі қызметкерлері және басқа да аудан активімен кездесті. Жиынның басты мақсаты, Республикалық және Халықаралық заңнамаларға жаңа енгізілген баптар мен толықтыруларды кеңінен түсіндіру, өңірлерде атқарылып жатқан істермен танысу, халықтың көкейінде жүрген сұрақтар бойынша пікір алмасу және шешімін қарастыру болды. Кездесу барысында Сенат депутаттары тарапынан қысқаша баяндама жасалды. Баяндама аяқталғаннан соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, Халықаралық заңнамаларға енгізілген өзгерістер жөнінде, мемлекеттік шекараның тозығы жеткен бағаналарын, жолдарын ретке келтіру жөнінде, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандар, ауданның туризмін дамыту бағытында, кәсіпкерлікті қолдау мен шаруаларға төмен пайызбен несиелер беру мәселесі, ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялар жөнінде, органикалық өнімдерді өндіруге мемлекет тарапынан қолдау көрсету сынды түрлі ауқымды тақырыптар төңірегінде сөз қозғалды. Бірқатар сұрақтарға сенаторлар нақты жауаптарын айтып, іске асатынын ұсыныс ретінде жазып алып, қолдан келгенше көмек көрсетілетінін тілге тиек етті.
Кездесу аяқталғаннан соң Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары аудан әкімі және тиісті қызметкерлерімен бірге Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді мекеніндегі 150 орындық мектепке және Қ.Әбдәлиев ауыл округі Атбұлақ елді мекеніндегі «Ақбура» бұлақ көзінен салынып жатқан қосымша ауыз су қоймасының құрылысы барысымен танысты. Құрылыс нысандарының кемшіл тұстарын айтып, бірнеше түзетулер енгізілу керегін ескертті. Аудан әкімі А.Исмаилов құрылыс барысын жеке бақылауына алып, уақытылы әрі сапалы аяқталуын қадағалайтынын айтты.