Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде «Қуатты өңірлер-Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында мемлекетіміздің Солтүстік өңірлеріге көшуге ниетті аудан тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Аталған жиын Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің мәжіліс залында өтті.
Кездесуде жергілікті тұрғындарға бағдарламаның жаңа тәсілдері, қоныс аударған азаматтарға қарастырылған мүмкіндіктер түсіндірілді. Атап айтқанда баспанамен қамту, жұмыс орындары, мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай және кәсіпкерлік қолдау түрлері айтылды.
Шараға Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Б.Шамуратов, Солтүстік өңірге баспасөз турына барып, көшіп барған отбасылардың тұрмысымен танысып қайтқан Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының бас маманы Сағындық Избасканов, «Сайрам аудандық Мансап орталығы» филиалының директоры Абзал Казанкапов және Қоғам қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Өмір Шыныбекұлы қатысты.
Аталған басқосуда Павлодар облысының Успенка ауданының Константиновка ауылындағы З.Мавланов және басқа да отбасылардың жеткен жетістіктері сөз болды. Мамандардың айтуынша, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады.