Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » Мақсатымыз – жайлы университет жасау

Мақсатымыз – жайлы университет жасау

Білім және ғылым саласын дамыту бүгінгі заман талабында кезек күттірмейтін іс екенін бүкілхалықтық педагогтер съезі дәлелдеп  бергендей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен жиында білім саласында орындалуы тиіс негізгі жеті міндетті айқындап берді. Оның ішінде педагогтер сапасын көтеру,  білім беру жүйесін жаңа деңгейге шығару, жастарға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру мәселелері бізге үлкен жауапкершілік артады.  
 «Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет» деді Президент өзінің баяндамасында. Расында, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Кітапсыз оқытушы – қарусыз әскер» деп айтып кеткендей, әдістемелік кешенмен қамтамасыз етілсе, онда оқу-тәрбие процесінде нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу мүмкіндігі жоғарылар еді.
Бүгінгі қоғам оқытушының біліктілік деңгейіне де жаңаша талап қоюда. Осы орайда  университет ғалымдары табысты ғылыми гранттарды жеңіп алды. Атақты түрік педагогикалық Гази университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Оқу орнында халықаралық, республикалық деңгейдегі форумдар мен іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, Чехия Республикасы, Оломоуц қаласы, Палацк университетінен шақырылған ғалымдардың қатысуымен оқу-тәжірибе алмасу шаралары басталды. Бұл шара білім беру процесіне халықаралық көзқарас тұрғысынан жаңа білім мен оқыту әдістері арқылы білім алушылардың құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шетелдік ғалымдар университеттің профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға, академиялық және ғылыми мәселелер бойынша кеңес беруге септігін тигізеді.   Аталмыш жобалар ҚР ҒжЖБМ «Шетелдік ғалымдарды тарту» академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын бағдарлама аясында оқытушыларға семинар-тренингтер мен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылады.
Мемлекет басшысы жайлы мектеп жасау идеясын жүзеге асыруды орта білім беру саласына міндеттеді. Студенттерге білім беріп қана қоймай, олардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы орта қалыптастыру университет назарынан да әр кез тыс қалған емес.
Осы мақсатта білім ұясының табалдырығын имене аттаған бірінші курс студенттерімен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Оқу, тәрбие, ғылым жөніндегі проректорларды, басқа да тікелей жауапты мамандарды жақыннан таныстырып, қандай да мәселесі болса тікелей жолығып, шешімін табуға көмектесетінін жеткізудеміз.
Университетіміз – еліміз бойынша білімгерлерді жүз пайыз жатақханамен қамтамасыз етіп отырған оқу орны. Қазіргі таңда бос орындар әлі де жастарды күтуде. Жатын жайдан қиналып жүрген жастарға бұл – зор көмек.  Оқу орнымызда «Қазына», «Шаңырақ», «Тұмар» ғимараттары жұмыс істеп тұр. Бұл – өз кезегінде студенттердің мейлінше еркін, өздерін қолайлы сезінуге жасалған жағдай. Бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында он шақты үйірме жұмыс істейді. Мұндай үйірме басқа жоғары оқу орындарында қарастырылмаған.  Қабылдау бөлімінің есігіне «студенттер кезексіз кіре алады» деп жазып, іліп қоюымыздың өзі біз үшін білімгерлер мәселесі бірінші кезекте екенін білдіреді.  Арнайы сенім телефоны да жұмыс істейді. Өзбекәлі Жәнібеков атауын жаңадан  иеленген оқу орнымыз алдағы тәрбие жұмыстары процесін ұлттық негізде жалғастырмақ.
Г. СҮГІРБАЕВА,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы – ректоры.

Пікір жазу