Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны Самбет Наталья қазақшаға судай ағып тұр. Орайы келсе, астарлап та, мақалдап та, «оңдырмай» айтып тастайды. Өзге ұлт өкілінің өз тіліңде ақыл айтқаны да қызық болады екен? Міне, кәріс қызына жұрттың сүйсінтетіні де, оның сөзін ауыздарынан су ағып тыңдайтындары да осыдан!.. Қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін Наталья — нағыз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өлкеге келін боп түсті. Құдай қосқан қосағы да қазақ жігіті.
Наталья Александрқызы, 1964 жылы Ақмола облысы, Атбасар ауданында дүниеге келді. 1981 жылы орыс мектебін бітіріп, 1986 жылы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік институтының физика және математика факультетін бітірді. Өскен ортасы, қазақ көршілері мен қазақ достарының өз ана тілінде сөйлескендері оның қызығушылығын күн санап, арттыра түсті. Олардың айтқандарын іштей түсінгенімен, ауыз екі тілде сөйлесе алмай қор болған кездерін Наталья бүгінде сағына еске алады.
«Менің ең алғаш қазақ тіліне деген қызығушылығым бала кезімде оянды. Содан нықтап қазақ тілін үйренуге ден қойдым. Жылдар өте, өмірлік жарымды кездестірдім. Қазақ отбасына келін болдым. Өз ата — анама, туыстарыма және ұжымдастарыма үлкен алғысымды білдіремін. Осы жандардың арқасында менің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім одан сайын арта түсті. Қазақ тілі менің туған тіліме айналды. Менің түсінігімде, қазақ тілі — әлемдегі ең бай, ең сұлу және құдіретті тіл!», — дейді қазақшаны шемішкеше шағатын кәріс кейіпкеріміз.
Сөзінің соңын «Қазақ тілін ана тілімдей сүйемін!» – деген Самбет Натальяның қазақ тіліне деген құрметіне біз де дән риза болдық.