Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТӨЛЕБИЛІК ҰСТАЗДАР ЖИЫНТЫҚ БАҒАЛАУҒА АРНАЛҒАН ТАПСЫРМАЛАР ЖИНАҚТАРЫН ҚҰРАСТЫРҒАН

ТӨЛЕБИЛІК ҰСТАЗДАР ЖИЫНТЫҚ БАҒАЛАУҒА АРНАЛҒАН ТАПСЫРМАЛАР ЖИНАҚТАРЫН ҚҰРАСТЫРҒАН

Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
ҮЛКЕНДЕР ЖОЛЫ ҰЛЫЛЫҚ – ҰРПАҒЫ ЖҮРЕР ҰҒЫНЫП
Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты Ш.Құдайбердиев атындағы №32 ЖББМ-нің «Орыс тілі мен әдебиеті» кабинетіне 40 жылға жуық ұстаздық қызмет етіп, өмірі ұрпаққа өнеге болған Қарабекова Гүлзинат Кәрімқызының есімі берілді.
Кабинеттің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, Гүлзинат Кәрімқызының отбасы, туған-туыстары және ауыл азаматтары қатысты.
Кабинеттің ашылу рәсіміне келген қонақтар, мектеп ұжымының ұйымдастыруымен жасалған қолөнер көрмесін және оқушылардың аудан, облыс, республика көлемінде үздік деп танылған жұмыстары туралы жетістіктерін тамашалап, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.
Осыдан кейін қонақтарға концерттік бағдарламасы ұсынылып, ұлағатты ұстаз Гүлзинат Кәрімқызының өмірбаяны туралы бейнебаян көрсетілді. Ұлағатты жанның өмірі мен еңбек жолындағы үлгі-өнегеге толы естеліктер айтылды. Елеулі еңбектері мен жетістіктеріне жайында деректерге тоқталды.
Гүлзинат Кәрімқызы 1967 жылы Прогресс (қазіргі М. Әуезов ЖББМ) мектебін бітіргеннен кейін 1968 жылы Украинаның Житомир қаласындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітірген соң, туған елге оралған жас маман өзі оқыған мектебінде 1976 жылы алғашқы еңбек жолын бастайды. 2008 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ол осы Ш.Құдайбердиев мектебінде абыройлы қызмет атқарды. Өзінің жауапкершілігі мен біліктілігінің арқасында әріптестер арасында зор беделге ие болды. 1996 — 2006 жылдар аралығында мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары болған кезде де аудан көлемінде жоғары нәтижелер көрсете білді. Гүлзинат Кәрімқызының тәлім-тәрбие берген шәкірттері бүгінгі таңда, республикамыздың түкпір-түкпірінде елеулі қызметтер атқарып, еліміздің өсіп-өркендеу жолында аянбай еңбек етуде.
Гүлзинат Кәрімқызы өзі өмірден өтсе де, ұрпақ болашағы жолындағы қажырлы еңбегі естен кетпейді.
Бүгінде ол кісінің адами қасиеттерін әріптестері сағынышпен еске алады.
ТӨЛЕБИЛІК ҰСТАЗДАР ЖИЫНТЫҚ БАҒАЛАУҒА АРНАЛҒАН ТАПСЫРМАЛАР ЖИНАҚТАРЫН ҚҰРАСТЫРҒАН
Ленгір қаласындағы №4 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімдері Гүлнар Булганбаева (педагог-шебер) мен Гүлімхан Тулепбекова (педагог-зерттеуші) әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетуден жалыққан емес. Аталған ұстаздар бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысын жеңілдету мақсатында өткен оқу жылында қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, дүниетану, жаратылыстану пәндері бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинақтарын құрастырған болатын. Осы жинақтар оқу жылы барысында облыс мектептерінде қолданылып, автор-құрастырушылардың еңбегі әріптестері тарапынан жоғары бағаланды.
— Біз бастауыш сынып мұғалімдерінің, әсіресе жас мамандардың жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды дайындауда қиналатындарын байқадық. Сондықтан осындай тапсырмалар жинақтарын құрастырдық. Жалпы, жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеуде бағалау критерийлерінің оқыту мақсатына, тапсырмалардың бағалау критерийлеріне, дескрипторлардың тапсырмаларға сай келуіне мән беруі керек, — дейді тапсырмалар жинақтарын құрастырған ұстаздар.
Бүгінде өңіріміздегі бастауыш сынып мұғалімдері Гүлнар Бейсембайқызы мен Гүлімхан Мәдуаханқызының жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды дайындау тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр.
ТҮЛКІБАС: ТӘЖІРИБЕЛІК-СЕМИНАР ӨТТІ
Түлкібас ауданының білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, П.Шевцов атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру бойынша «Ата-аналармен жүргізілетін жұмыс барысындағы сынып жетекшісінің негізгі міндеттері және мектептегі құқықбұзушылықтың алдын-алу» тақырыбында ЖББМ директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған аудандық тәжірибелік семинары өтті.
Семинар барысында ашық тәрбие сағаттары, мектептегі ата-аналар академиясының жұмысы, спорттық жарыс, сонымен қатар мерекелік концерт өтті. Семинарға қатысқан ұстаздар қорытынды кезеңде өз ойларымен бөлісіп, семинарға жоғары бағасын берді.
“МӘҢГІЛІК ЕЛ- МӘРТЕБЕЛІ ТІЛ” ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ОНКҮНДІК ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Ордабасы аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес аудан мектептерінде «Мәңгілік ел- мәртебелі тіл » тақырыбында өткізілген онкүндіктің қорытынды кеші болып өтті. Онда оқушыларымыз қазақ,орыс,ағылшын тілерінде ән-би, көрініс,хор, айтыс, күйлерін тарту етсе,өзге ұлт өкілдері өз өнерлерін көрсетті.
Кеш барысында Аманкелді, Ш.Уәлиханов, Бәйтерек, Темірлан, С.Нұрамағанбетов атындағы жалпы орта мектептерінің оқушыларының дайындығын ерекше айтуға болады. Сонымен қатар көркем сөз оқу, сурет, эссе, зерделеу жоба, көрме, әдеби кештерінің қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды.
Бұл шаралар осы онкүндік аясында ғана шектелмей әрі қарай жалғасын табады. Осындай іс-шараларды өткізу барысында оқушыларымызға тілді ұлттық мұра ретінде сезіндіріп, тіл мәдениетін сақтай білуге, тілдің қадір-қасиетін бойларына дарыта аламыз. Оқушылардың еліне, ұлтына, тіліне деген сүйіспеншілігін арттырамыз.
ТҮЛКІБАСТАҒЫ БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ОҚЫС ЖАҒДАЙДА ІС-ҚИМЫЛ ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ АЛГОРИТМІ БОЙЫНША ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТКІЗІЛДІ
Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты Ю.Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде білім бөлімінің тарих және география пәнінің әдіскері Д.Уразбаевтың ұйымдастыруымен «Террористік актісі орын алған жағдайда немесе күдікті зат табылған жағдайда» іс-қимыл әрекеттерінің алгоритмы бойынша оқу –жаттығу өткізілді.
Мектеп қабырғасында бірінші қабаттың дәлізінде белгісіз зат байқалды. Күдікті затқа жақындамай, адамдарды тез арада қауіпсіз жерге эвакуация жасалды. Белгісіз зат оқшауланды.
Мектеп директоры Г.А.Теньгибаева аудандық білім бөліміне ,101 , 102,103 байланыс нөмірлеріне қоңырау шалып, хабар берді.
Белгісіз зат құзіретті органға тапсырылды.
Іс-шараға Аудандық ішкі істер бөлімі, Аудандық төтенше жағдай бөлімі және Аудандық жедел жәрдем қызметкерлері қатысты. Осындай террористік шаралардың алдын алу және күдікті зат табылған жағдайдағы іс қимыл бойынша оқу-жаттығулары барлық білім беру ұйымдарында өткізілді.
ОТЫРАРДА “ҰШҚЫР ОЙ АЛАҢЫ” ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің «Дебат қозғалыстары» үйірме жетекшісі Амантай Бағдәулет «Ар-ұят және жауапкершілік» тақырыбында «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында ар-ұят, намыс, адалдық, жауапкершілік сияқты құндылықтарды жетілдіру, адам өміріндегі орнын айрықша таныту, адамгершілік пен ар-намыс мәселелерін талқылау мақсатында ұшқыр ой алаңы өтті.
Қай заманда болмасын адамға тән адалдық, бауырмалдық, жанашырлық, азаматтық, қарапайымдылық тәрізді асыл қасиеттер жоғары бағалану керектігі жайында ойларын ашық жеткізді. Жақсылық пен жамандық, ақ пен қараның арасында мәңгілік күрестің жүріп жататыны сияқты адамдық қасиеттердің мәнін солғындатып, көлеңке түсіретін жағдайлар да бұл өмірде болып жататынығын да ескеріп өтті.
Қорытынды сөзде 8 сынып оқушысы Тәжітай Шапағат өзінің жеке шығармашылығындағы «Адалдық» өлеңін айтып, достарына сәттілік тіледі.
“АДАЛДЫҚ — АДАМДЫҚ БЕЛГІСІ” БАҒЫТЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛДІ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 желтоқсандағы №1147 қаулысымен бекітілген Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде мемлекеттік органдармен келісілген, 2023 жылға арналған жобалар картасы аясында 28 қыркүйек күні Түркістан облысы бойынша барлық білім беру ұйымдарында оқушыларға, студенттерге арналған сапалы ұрпақ жобасының «Адалдық — адамдық белгісі» атты тәрбие сағаты өткізілді.
Аталған іс-шара барысында Оразкүл Асанғазықызының «Адалдық сағаты» атты видео ролигі қойылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Пікір жазу