Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҰСТАЗ – РУХАНИ СУРЕТКЕР АДАМ

ҰСТАЗ – РУХАНИ СУРЕТКЕР АДАМ

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері. Парасат пен пайымды, ақыл мен білімді, ұлттық және азаматтық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытушы тұлға. Шәкірт тәрбиелеуде өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген қаламыздағы үлгілі ұстаздардың бірегейі Утеуова Гүлнар Көміртайқызы деп білеміз. Ұстаз. Осы сөздің ішінде қаншама ұғым жатыр. Өміріміздің бәйтерегі болған мұндай ұғымға кеудесінде жаны бар әр адам өмір бойы ризашылық білдірумен өтетіні жасырын емес. Ендеше, осындай жанның бірі бүгінгі кейіпкеріміз, Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектеп директоры Гүлнар Көміртайқызы жайлы сөз қозғамақпыз. Кейіпкеріміздің өміржолына үңіліп көрсек.

Утеуова Гүлнар Көміртайқызы 1966 жылдың 1 қаңтарында Түркістан қаласында дүниеге келген. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы №10 жалпы орта мектепті бітіреді. Сол жылы Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан педагогикалық училищесіне түсіп, 1985 жылы мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиеші мамандығы бойынша тәмамдайды.

Еңбек  жолын 1985  жылдың мамыр айында Түркістан қаласындағы Абай атындағы №31 мектеп-интернатында тәрбиеші қызметінен бастаған. 1987 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтына түсіп, 1993 жылы қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі мамандығын алып шыққан.

1988-1991 жылдары Абай атындағы №31 мектеп-интернаттың бастауыш сынып мұғалімі, 1991 жылдың қыркүйек айынан бастап, қазақ тілі және әдебиеті пән мұғалімі болып жұмыс жасайды. 2002-2007 жылдары аталған мектептің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2007 жылдан бастап, Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектепке директор болып тағайындалды.

Жоғары білікті маман Гүлнар Утеуованың білім саласындағы атқарған еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген жетістікке жеткен. Атап өтсек, 1998 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Сонымен қатар, 2013 жылы «Өрлеу» БАҰО АҚ «Білім беруді дамытудың инновациялық бағыттары» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған құнды баяндамасы үшін алғыс хатпен марапатталды. 2014 жылы Түркістан қалалық «Нұр Отан» партиясының, 2014-2015 оқу жылының қорытындысы бойынша Түркістан қаласының әкімінің Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғарғы білім сапасын көрсеткені үшін алғыс хаттарына ие болды. 2014 жылы «Білім шыңы» жинағына үлгі сабағы жарияланып, «Білім шыңы» төсбелгісімен марапатталған. 2015 жылы «Экологиялық білім мен тәрбие беруді дамыту» атты облыстық семинарға белсене қатысқаны үшін ОҚО-ның білім жастар саясаты және тілдерді дамыту орталығының алғыс хатына ие болған.

2015 жылы Түркістан қаласында ХҚТУ-де өткен «Конструктивті тәсілді нақты пәндерде қолдану: қиындықтары мен шешу жолдары» атты аймақтық семинарда үздіксіз білім беру институты директорының марапатына ие болды. Осы жылы республикалық ақындық пен шешендікке баулитын «Ақберген» ІІ республикалық байқауында сертификатталған. 2016 жылы қалалық семинарда озат іс-тәжірибесімен бөліскені үшін білім бөлімі басшысының мақтау қағазымен, 2016 жылы қала әкімінің «Орта білім беретін үздік ұйым – 2016» номинациясымен, 2016 жылы «Тарихы тұнған Оңтүстік» І облыстық олимпиада белсенділік танытқаны үшін НЗМ алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет грамотасымен, қалалық білім бөлімінің алғыс хатымен,  облыстық білім басқармасының  «Құрмет грамотасымен» марапатталған. 2018 жылы облыстық «Табысты менеджер – 2018» байқауында «Менеджер – көшбасшы» номинациясына ие болған. 2018 жылы облыс әкімінің  Құрмет грамотасымен, 2019 жылы облыстық тамыз кеңесінде жоғары дәрежеде инновациялық идеялары және тәжірибесімен бөліскені үшін облыстық әдістемелік орталығының мадақтамасын алған.

Қазіргі таңда аталмыш мектепте 147 мұғалім сапалы білім беруде. Мұғалімдердің сапалық құрамына келсек, педагог – модератор – 58, педагог – сарапшы – 22, педагог – зерттеуші – 23 құрайды. Мектепте жалпы саны – 1707 оқушы бар. «Ұстаз мәртебесі – оқушы  жетістігі» десек, қаншама шәкірттері білім додасына қатысып, жоғары көрсеткіштерді бағындыруда. Енді соларға тоқталсақ, 2018 жылы облыстық «Бәйтерек» зияткерлік олимпиадасында 8 сынып оқушысы А.Аманова жүлделі 3 – орынмен, 2019 жылы республикалық «Алтын тобылғы» зияткерлік олимпиадасында 8 сынып оқушылары А.Тұрғанбек, А.Темірхан, А.Әлімқұлдар жүлделі 1-орын алса, А.Абдрахман жүлделі 3 – орынға ие болған.

2020 жылы мектеп ұжымы ІІІ республикалық «Үздік педагог» олимпиадасында қатысып, «Үздік ұжым» номинациясына ие болған. 2021-2022 оқу жылындағы жетістіктері бойынша география пәнінің мұғалімі Ұлбала Дүйсенбекова облыстық пән мұғалімдерінің олимпиадасына қатысып,  3 орыннан көрінсе, физика пәнінің мұғалімі  Әйгерім Арынова «Ел үміті» бастамасы аясында «Елбасы медалі» республикалық жобасын іске асыруда қосқан үлесі үшін «Білім-инновация» КК жоба департаментінің алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, 5-11 сынып арасында өткен қалалық пәндік олимпиадада 19 оқушы жүлделі орындардан көрініп, 1 оқушы облыстық пәндік олимпиадада жақсы нәтиже көрсетіпті. 10 сынып оқушысы Ұлдана Жақсылықова облыстық «Ә.Кекілбаев оқулары» байқауында жүлделі 3 – орын алса, 4 оқушы «Елбасы медалі» республикалық жобасына қатысып, қола медалмен марапатталған.

Мектеп ұжымы мен ата-ана арасында ынтымақтастық педагогикасы қалыптасқан. Мектепішілік іс-шараларға ата-аналар қатысып, тәрбие жұмыстарын жандандыруға атсалысады. Ең бастысы тәрбие ғана ұлтымызды ұлағатты етіп, оның абыройын төрткүл дүниеге танытады. Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектептің мақтанатын, мақтаныш тұтатын игі істері өте көп жақсы істің ұйытқысы болып, ұжымды ынтымақпен ұйымдастырып отырған білікті басшы Гүлнар Утеуованың еңбегін жоғары бағаладық. Осы орайда, ұжымның жоғарыда аталған әрбір ұстаздың, оқушылардың жеңісі білімге деген құштарлықтан туған жеңіс деп санауға болады.

Қ.ТАСЫБАЕВ.

 

Пікір жазу